Хабар телеарнасы

Түрікменстанда I Каспий экономикалық форумы өтті

Бұл бестік теңіздің сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, туристік мүмкіншіліктерін арттыру үшін І Каспий экономикалық форумында өз ұсыныстарын ортаға салды.

Мынадай жиындарда атқарылған іс пен атқарылар істі сараптау дәстүрге айналды. Келелі кеңеске қатысушылар тура бір жыл бұрын Ақтау қаласында Каспийге қатысты көңілге толымды, таңдайға татымды құжат қабылданғанын еске алды. Дәлірек айтқанда, теңіздің құқықтық мәртебесі белгіленді. 20 жылдан астам уақытқа созылған күрмеулі мәселенің шешімі табылғаннан кейін халықаралық сауда-саттықты арттырудың амалдарын ойлап табу қажет. Түрікменстандағы форум тың бастамалардың бастауы болуы тиіс.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті:

- І Каспий экономикалық форумы – үлкен жолдың бастауы. Ынтымақтастықты нығайтудың жаңа форматы Каспийдегі стратегиялық әріптестікті мықтай түсуге игі ықпал ететіні рас.

Каспий теңізі құрлықта 5 елмен шектеседі: Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан мен Түрікменстан. Былтыр еліміздің сауда айналымы 95 млрд долларға жетсе, соның 1/5 бөлігі – теңізді жағалай қоныстанған елдермен экономикалық байланыс орнатудың нәтижесі. Форумға қатысқан Үкімет басшысы Асқар Мамин Каспий өңірін инвестициялық капитал тартатын орынға айналдыру қажеттігін айтты.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Қолайлы экожүйе құрып, үздік тәжірибелермен бөлісіп, қаржылай қызметтерді көрсету жұмыстарын күшейту керек. Осы орайда «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіншіліктерін пайдалануды ұсынамын. Бұл орталық «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясында ірі қаржы институттарымен бірге жұмыс істейді. Сондықтан инвестиция тарту үшін басқа да өңірлік алаңдармен байланыс орнатуға дайынбыз.

Каспийдің қойнауы қазыналы, айдыны шағалалы. Геологиялық зерттеулер бойынша теңіздің қойнауында 10 млрд тонна мұнай жатыр. Жалпы мұнда қараусыз жатқан қазына жоқ. Әр мемлекет өзіне тиесілі аумақты тиімді игеріп келеді. Енді қолда бар инфрақұрылымды пайдаланып, өндірістік әлеуетті арттыру қажет.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Біздің елдің сервистік компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құрып, қазіргі инфрақұрылымның әлеуетін мейлінше пайдалануды ұсынамыз. Бұдан бөлек теңіздегі кен орындарында білікті мамандарға деген сұраныс өсіп жатыр. Біз көрші мемлекеттердің мамандарын халықаралық стандарттар бойынша кадрларды дайындайтын орталықтарда оқытуға дайынбыз.

Қара алтынның қомақты қорынан бөлек теңізде бағалы балық түрлері мол. Әлемдік нарықта ең көп сұранысқа ие бекіренің 90% осы айдында тіршілік етеді. Сонымен бірге Каспийдің көлік-логистикалық әлеуеті мықты. Бұл мүмкіншілікті де ұтымды пайдаланып, осы өңірді ірі халықаралық дәлізге айналдырған жөн. Каспий «бестігі» форумда осы және басқа мәселелерді талқылап, өзара тиімді экономикалық байланыс орнатуға уағдаласты.

Қарт Каспий жылына 1 млн демалушыны қабылдауға қауқарлы. Енді мұндағы туристік әлеуетті арттыру үшін салалық қауымдастық құру қажет. Осы орайда Қазақстан теңіз маңындағы мемлекеттердің порттарына аялдайтын круиз лайнерлерін Каспий акваториясына түсіруді ұсынды. Сайып келгенде бұл «бестік» су алабының мүмкіншіліктерін мейлінше пайдалануға тырысып жатыр.

Авторлары: Ж.Біркенов, А.Қарақойшиев