Хабар телеарнасы

Көпір салып жатқан мамандар 7 ай бойы жалақы алмаған

Есілдің үстінен көпір салып жатқан бір топ құрылысшы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бас прокуратураға шағымданғанымен, әлі күнге дейін толыққанды жауап алмаған. Сайып келгенде бас шаһардың қос жағалауын байланыстыруы тиіс көпір де, жалақы да жоқ.

Бұл көпірдің құрылысы қала әкімдігінің тапсырысымен 2 жыл бұрын басталған. Жоспар бойынша былтыр бітуі тиіс еді. Құрылысшылардың айтуынша, бастапқы бір жыл жалақы тұрақты болған. Алайда 7 айдан бері тоқтап қалды. Көпірдің құрылысы да тұралаған.

Шайра Розметова, жұмысшы:

- Өзіңіз ойлаңызшы, қарашада 50 мың теңге аванс берді. Мен бала-шағаны қалай бағамын? Екі балам бар, жалғызбасты анамын.

Данияр Танышбек, жұмысшы:

- Міне, табель бар. Осында жұмыс істеген 150 адамның тізімі де қолымызда. Еңбегіміз ғой, қыстыгүні кешкі 20:00-ге дейін мұздай темірдің үстінде тұрып жұмыс істедік.

Қыстың басынан бері жалақы алмаған құрылысшылардың басқа жерден нәпақа тауып, мұндағы жұмысты тоқтатудан басқа амалы қалмаған. Басшылыққа бірнеше рет шағымданғанымен, мәселе шешілмеген. «Ертең, ертең» деумен арада 8-9 ай өтті. Кәсіпорын директорына тағы хабарласты.

Тимур Накусов, құрылыс компаниясының басшысы:

- Қарыздың басым бөлігін жаптық. Қазір бухгалтериядан сұрап, тексеріп, қалған қарыздарды міндетті түрде өтейміз.

Көпірдің негізгі бөлігі темір қаңқасының ұзындығы 263 метр екен. Оны салуға қала әкімдігі 9 млрд теңге бөліпті. Қазір көпір 90% бітіп тұр. Қалған жұмысы жарты жылдан бері тоқтап қалған. Әлі күнге алданып, жұмысқа келіп жатқандар бар.

Берік Тұрагелдиев, жұмысшы:

- Жұмысқа 19 шілде күні келдік. Жолымызға 10 мың теңге берді. Соған сеніп, фирмаға келдік. Енді 50 мың теңге авансты күтіп жатырмыз. Жұмысты тоқтатқанымызға бір апта болды.

Басы дауға қалған құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдай мұның алдында да болған. Талай рет банкротқа ұшырап, алайда тығырықтан жол тапқан. Бұл жолы да «түйткілдің түйінін тарқатамыз» деп сендірді.

Авторлары: Мерей Базарұлы, Болатбек Табалдиев