Хабар телеарнасы

БҚО-да дүлей дауылдан келген шығын анықталып жатыр

Тек Орал қаласының өзінде екі орта мектептің шатыры желге ұшқан, бірқатар мемлекеттік және коммерциялық нысанның ғимараты зақымданған. Қашаған кентінде он мыңдаған тұрғын жарық пен сусыз қалған.

Мен көрдім ұзын қайың құлағанын... Поэзия патшасы Абайдың осы бір жыр жолдары біраз оралдықтың ойына оралғаны анық. Түс ауғаннан қас қарайғанша екілене соққан дүлей дауылдан шаһарда 60 шақты терек құлаған. Жай құлап қана қоймай, электр сымдарын 105 жерден үзген. Орал қаласында екі мектептің, облыс бойынша ондаған әлеуметтік нысанның шатыры ұшқан. Сұлаған ағаш ондаған көлікті басып қалған. Түрлі дене жарақатын алған 5 адам ауруханаға жатқызылған.

Ақылбек Ахметжанов, БҚО Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары:

- Болған оқиғаға байланысты ҚР Азаматтық қорғаныс заңы бойынша төтенше жағдай тіркелген болатын. Сол бойынша мекемелер мен адамдарға шығындар өтелетін болады. Ол үшін қажетті құжаттарды рәсімдеу керек. Одан әрі қарай сол заңнамаларға байланысты төлемдер, шығындар анықталатын болады.

Жалпы табиғаттың тосын мінезіне байланысты көмек сұрап, 300-ден астам тұрғын қоңырау шалған. Облыста 26 елді мекен, Орал қаласында 4 мың абонент жарықсыз қалған.

Валерий Диминтевский, «Батыс Қазақстан электр тораптарын таратушы компаниясы» АҚ қалалық филиалының директоры:

- Біз адамдар тоққа түсіп қалмас үшін электр қуатын айырумен ғана айналыстық. Ал қалпына келтіру жұмыстарын кейін бастадық. Сол себепті апаттың зардабын жою жұмыстары 1-2 күнде аяқталады деп айта алмаймын. Қазір бұл іспен Орал қаласында 8 бригада айналысып жатыр. Әуелі жоғары қысымды желілерді қалпына келтіріп, қосалқы стансаларды қосуға тырысамыз.

Табиғат апатының салдарынан Зашаған кентіндегі жаңа ауданға су беру де тоқтатылды. Себебі осы жердегі су сорғысын қамтамасыз ететін қосалқы электр стансасы түнде жанып кеткен. Қазір ондаған мың тұрғын жарықсыз және сусыз отыр. Оларға арнайы көліктермен су жеткізу ісі де көптің көңілін көншітпейді.

Айдарбек Рақымғалиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Таңмен тұрғанда су да жоқ, жарық та жоқ. Тым болмағанда жағдайды айтып, түсіндіргендері дұрыс еді. Суға зәру халық көп.

Әбілқайыр Балмағамбетов, Орал қаласының тұрғыны:

- Судың бұл мөлшері жетпейді. Қаншама адам бар. Тағы екі-үш жерге әкелсе, жақсы болар еді.

Табиғат апатының зардабы мен келген шығын әлі анықталуда. Өңірде арнайы комиссия құрылған. Қалпына келтіру жұмыстарының барысы өңір басшысының бақылауында.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов