Хабар телеарнасы

Заңсыз билет саудалайтындарға шектеу қойылады

Бұл алыпсатарлардың заңға қайшы әрекеттеріне тосқауыл ретінде қолға алынатын шара. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде заңсыз билет саудасына қатысты мәселелер талқыланды. Онда кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салып, «Мобиус» жүйесін сынға алды. Мәселен, Алматы мен Шымкент қалаларында заңсыз жолмен билет сатқан 6 адам ұсталды. Енді оларға қолданылатын жаза қатаңдатылуы мүмкін.

Темір жолда тәртіп бұзғандар темір торға жабылды. Одан бөлек басшылық лауазымдағы бірнеше қызметкер жұмыстарынан босатылды. Алайда мұнымен іс біткен жоқ. Қарапайым халықтың көкейін кернеген сауал көп. Соның бірі – қолдан жасалған билет тапшылығы. Осы олқылықты жою үшін арнайы жиын өткізілді. Кеңес мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, ойларымен бөлісті.

Мұрат Әбенов, арнайы мониторинг тобының мүшесі:

- Мысалы Өзбекстандағы бекеттер мен әуежайларда перронға билеті бар жолаушыдан басқа адамдарды өткізбейді. Бізге де осындай тәсілдерді қолдану керек. Бұл біріншіден жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалады. Ал бізде жолсеріктер де, адамдар да әрі-бері өріп жүреді. Бір-бірімен келісіп жатады. Бұл әрекеттерге шектеу қойылуы тиіс.

Енді қолында билеті жоқ жолаушылар перронға өткізілмейді. «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасарының сөзіне сенсек, бұл әдіс жолаушы мен жолсерік арасындағы келісімге тосқауыл болмақ.

Қанат Әлмағамбетов, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Биыл жоба бойынша елордадағы «Нұрлы жол» бекеті мен Қарағанды бекетінің перрондарына билетсіз адамдардың жақындауына шектеу қойылады. Мұндай бастаманы бұрын да көтергенбіз. Алайда қоғам тарапынан көптеген наразылықтар болған еді. Бұл бастаманы құқық қорғау органдары да қолдап отыр. Біз де дұрыс деп санаймыз. Тым болмағанда ірі бекеттердің перрондарына осындай шектеу қоюды тездетіп қолға алу қажет.

Ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылықтың барлығы дәп осы билеттердің заңсыз жолмен саудаланғанынан болып жатыр. Жиналғандар осындай пікірде. Ал елімізде 234 темір жол кассасы бар. Қалған 500-ден астамы жеке агенттіктерге тиесілі екендігін алға тартып, алыпсатарлардың алаяқтығына темір жол кассалары ғана айыпты емес деп отыр.

Қанат Әлмағамбетов, «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Алыпсатарлар мен байланыс орнатқандардың арасында жеке агенттіктер де болуы мүмкін. Тіпті қазір билетті интернет желісі арқылы да алуға болады. Сондықтан билеттердің заңсыз саудалануына тек қана темір жол кассалары кінәлі деп айта алмаймын. Ендігі кезекте қалтасын қампайтқысы келген алыпсатарлардың әрекетіне тосқауыл болатын «Мобиус» қосымшасын жетілдіру қажет.

Ал ҚР Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы Жасұлан Еламанов Шымкент қаласында бір күннің ішінде билетті заңсыз сатып жүрген 6 адамды ұстағандығын айтты. Дәл оындай жағдай Алматы қаласында да орын алған. «Бұл әрекеттер «Мобиус» жүйесін айналып өтуге мүмкіндік беретіндігін көрсетеді», – деп отыр Жасұлан Еламанов.

Жасұлан Еламанов, ҚР Бас көлік прокурорының міндетін атқарушы:

- Бұл жүйе билет алыпсатарлардың жолын кесуі тиіс болған. Қазір олай болмағанын көріп отырмыз. Билетті сату әлі жалғасуда. Оған БАҚ-тағы материалдар дәлел. Шымкентте заңсыз билет саудалаған 6 адам ұсталды. Олар жауапқа тартылды. Бұл мәселе әлі жойылмағандықтан, өзге де жауапты органдармен бірге шара қолданамыз.

Аталған жүйедегі олқылықтар жетілдірілетін болды. Осылайша алыпсатарлардың жолы кесілмек. Айтылғандардың бәрі орындалса, көп ұзамай темір жолдағы темірдей тәртіпке куә боламыз.

Авторы: Бірлік Берікұлы