21:00Эфирде: Тұсаукесер! "Көзімді жұмсам да..."
23:00Әрі қарай: Телесериал. "Вторая жизнь Евы"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

БҚО-да суармалы алқаптардың аумағы артып келеді

  • Категория: Сюжеттер
БҚО-да суармалы алқаптардың аумағы артып келеді

БҚО-да суландыру жүйесін жаңғыртып, суармалы алқаптардың аумағын арттыруда соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды.

Киров-Шежін каналын аршудың арқасында биыл Жайықтың суы Қараөзенге жеткізілсе, тағы 5 нысанды қалпына келтіру нәтижесінде көлтабандар көлемі 29 мың гектарға көбейген. Су барған соң 300 мың гектар жайылым игерілген. Таяу жылдары Жайық өзенінің сол жағалауына су шығару көзделген.

Жайық өзені арқылы жылына 10 млрд текше метр су ағып өтеді. Өңір шаруалары соның оннан бірін де пайдаланбайды. 600 млн текше метр тіршілік нәрін ұстап қалуға жоспар болғанымен, оны орындаудың өзі оңай емес. Себебі Жайықтан шығар арналар әбден тайыздап, бітеліп қалған.

Махамбет Ықсанғали, БҚО Табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

- Көшім су каналына дейінгі 45 шақырым жерді тазалау, онда бұрыннан батып кеткен су нысандарын алып тастау мәселесі тұр. Бұл жұмыс қазіргі таңда жүргізіліп жатыр. Осы арқылы біз Киров су қоймасына судың келуін секундына 30-35 куб қамтамасыз етуіміз керек.

«Киров су қоймасы мен одан төрт тарапқа тарайтын суландыру жүйесінің тіршілік нәріне толуы осы жұмыстарға тікелей байланысты», – дейді мамандар. Сонда ғана суландыру жүйесі қалпына келмек. Соңғы жылдары атқарылған істердің арқасында өңірде 29 мың гектар көлтабанға су шыққан, 4,5 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілген. Мәселен, Казталов ауданына қарасты Қайшақұдық ауылының маңында биыл 1,5 мың гектарға жүгері мен жоңышқа егіліпті.

Рүстем Зұлқашев, Казталов ауданы әкімінің орынбасары:

- Фурманов каналы тазартылды, 30 шақты қақпа жөнделді. Дөңгелек су қоймасынан су берілді. Енді осы жобаның екінші кезеңі бар. Осы шаралар жақсы жүріп жатса, тағы да 2 400 гектардай суармалы жүйені қалпына келтіру жоспары бар.

Су келген соң шалғай аудандарға инвесторлардың да қызығушылығы артқан. Осы Талдыапан округінде күні бүгін 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы салынып жатыр.

Андрей Попов, учаске бастығы:

- Күзге қарай құрылыс аяқталады. Жақын ауылдардағы қожалықтар мен тұрғындардан малды сатып алуды бастаймыз. Бұл бордақылау алаңның төбесі ашық болады, жан-жағына желден қорғайтын қоршаулар орнатамыз.

Келешекте Жайықтың сол жағындағы аудандарды да суландыру жоспарланған. Қазір сметалық құжаттар сараптамадан өтіп жатыр.

Махамбет Ықсанғали, БҚО табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

- Ақжайықтан су алып Шалқар көлі арқылы Солянка су қоймасына дейін су жеткізу қажет. Одан кейін Азынабай-Тайпақ каналына жеткізу керек, сонда Жайық өзенінің сол жағынан 300 мың гектар жерге су шығаруға мүмкіндік пайда болады. Қазір үлкен каналда су болмағандықтан бұрын су жайылған жерлер пайдаланылмай тұр.

Су – тіршілік көзі. Суландыру жүйесін жаңғырту ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына ықпал етпек.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Болат Жарылғасов

Сондай-ақ...