Хабар телеарнасы

Атырау облысында құрғақшылыққа байланысты мал азығын дайындау қиынға соғып отыр

Бұл шаруалар үшін мал азығын дайындауға айтарлықтай қиындық туғызуда. Күні бүгін облыстың мал шаруашылығына қажетті 520 мың тонна пішеннің 20% ғана дайындалған. Жайық, Ойыл өзендерінің тасымай қалуы салдарынан жайылымдарға су шықпады. Сондай-ақ мамыр-маусым айларында жаңбыр мүлде жауған жоқ. Ал суармалы жердің шабындығындағы шөп құнарсыз. Сол себепті шаруалар өздеріне керекті жем-шөпті көрші облыстардан тасуға мәжбүр.

Махамбет ауданына қарасты негізгі шабындық осы – Шодыркөл. Аумағы 900 гектар жерде екі айдан бері шаруалар тынбастан тырбынып жатыр. Бірақ көлтабанның биылғы түгі құнарсыз болған. Шабындықты қамыс, майөлең басып барады. Дегенмен басқа амалы жоқ шаруашылық амалсыз орақ салуда. Ол да мардымсыз. Бір мың тоннадай мал азығы дайындалыпты. Сиырдың сүті тілінде. Тамағы тоқ болмаса, ірі қарадан өнім күту қиын. Мұндағы сауын фермасында бір мыңға тарта асылтұқымды сиыр бағылады. Әр қайсысы тәулігіне 20-25 литр сүт беріп келген сиырлардың биылғы өнімі төмен. Күні-түні қолдан азықтандырылатын мал қазір қамыс пен майөлеңге қамалып тұр.

Әлмұрат Қосмағамбетов, тауарлы сүт фермасының маманы:

- Қазіргі дайындап жатқан қамыстың құнарлығы өте нашар. Сосын арпа, бидайларды сатып алып, осы мал азығына қосып жатырмыз.

Биыл қыстақтарға 520 мың тонна шөп жиналуы тиіс болатын. Әзірге жиналғаны үштің біріне де жетпейді. Осыған орай жауапты сала мамандары жаңа бағдарлама түзбек.

Аманжол Қабдешов, облысық АШБ мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі:

- Былтырмен салыстырғанда мал азығын дайындау жаңбырдың жоқтығына байланысты көп қиындықтар келтіріп жатыр. Келесі жылдары мына Жайық, Ойыл бойындағы каналдардан көлтабандарға су шығаруды қолға аламыз деп отырмыз.

Бүгінде облыстағы малдың басым бөлігі жекенің меншігінде. Жылда жергілікті шаруашылықтарға еншілес болатын мал иелері биылғы қуаңшылықтың аяғы жұтқа соға ма деп қорқады.

Әміржан Қапанов, жеке шаруа:

- Міне, көріп отырғандай бұзау жейтін шөп жоқ. Бір сиыр, екі бұзауым бар. Жүздің үстінде қой бар. Оларды қалай асырайтынымды білмеймін.

Сырттан тасымалданатын жем-шөптің бағасы қымбат болатыны заңдылық.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Шаруашылықтар қолдарынан келгенше шөптерін сатып алып жатыр. Ал жекелер сатып алған жағдайда бағасы өте қымбат. Қазірдің өзінде бір орама шөптің бағасы 6 мың теңге болса, ертең күн қатайып, қар түскенде ол 9-10 мың теңгеге дейін барады екен.

Ауыл шаруашылығы техникаларына керекті жанар-жағармайдың құны да аспандап тұр. Қазір Атырауда дизель отынының бір тоннасы 210 мың теңгені құрайды. Оны бәрінің қалтасы көтере алмайтыны ақиқат. Алғанның өзінде ол шығын өнімнің өзіндік құнына түседі. Жалпы Атыраудағы ірі шаруашылықтар өнімдерін мұнай компанияларына өткізеді. Бірақ олардан қолдау жоқ. Шаруалар биылғыдай қуаңшылықта зауыттар мен мұнай өндіруші компаниялар жанар-жағармаймен көмектесуін сұрайды. Алайда ол әзірге арман ғана.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев