Хабар телеарнасы

Бурабай курортты аймағында жаңа қонақүйлер салынады

Мәселен, өткен жазда көрікті өлкені тамашалауға 400 мыңнан астам адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 700 мыңға жетеді деген жоспар бар. Алайда туристер көбейген сайын мұнда көптеген келеңсіздік те кездесуде.

Бурабайдағы ыңғайсыздықтардың бірі әрі бірегейі – көлік тоқтайтын орындардың аздығы. Ал ыңғайлы деген автотұрақтар ақылы болып келеді. Әр көлік үшін 500 теңгеден басталады.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Автотұрақтардың жетіспеушілігі салдарынан көлік жүргізушілері өз темір тұлпарларын осылай көлік тоқтауға болмайтын жерге қойып кетуге мәжбүр. Ал мұның салдары қауіпсіздікті былай қойғанда, мемлекеттік нөмірден айырылуға және әкімшілік айыппұл төлеуге алып келуі әбден мүмкін.

Максим Дашков, турист:

- Жол бойында көлік қоятын жер жоқ. Бурабайдың ішін аралап келе жатып, әдемі жерлерге тоқтап, фотоға түскің келеді. Бірақ барлық жерде сары жолақ. Яғни тоқтауға болмайды. Ал тоқтай қалсаң, полиция келеді де, айыппұл салып береді. Осы жері сәл ыңғайсыздау.

«Ал көлігіңізді қойып, жайғасуға қамдансаңыз, қарапайым әжетханадан бастап, жағажайда жатып, көлге түсудің өзі қалтаңызды ортайтып жібереді», – дейді демалушылар. Жаз келсе, жатын орындар да қымбаттап кететін әдеті бар. Демалу маусымында өз үйлері мен шағын үйшіктерді жалға беретіндер де қыруар пайда табады.

Светлана Малиновская, турист:

- Бізге өткенде мына жерде 2-3 адам ғана сыятын шағын үйді тәулігіне 20 мыңға ұсынды. Біз 7 адам болғандықтан, сондай екі үйшік керек болды. Ал 10 күнге келгенімізді есептесек, 400 мың теңгеге шығындалайын деп тұрмыз. Сол себепті арзандау жер іздеуге мәжбүр болдық.

Бағалардың көтерілгенін жалға берушілердің өздері де мойындап отыр. Ал мұның себебін олар жаздың қысқалығымен түсіндіреді.

Шарбан Қайроллақызы, жеке кәсіпкер:

- Күн ыстық кездері бағасы көтеріледі. Ал күн салқында пәтерлер арзандайды. Өткенде үйді 100 мыңға жалға беріп жатқандар бар деп естіген едім. Ондай үйлер болған жоқ. Болса 30 кісі сыятындай үй болған шығар. Бізде 10-15 кісі сыятын үйлер ғой.

Алайда жалға берушілер мен қонақүй иелеріне ешқандай шектеу жоқ. Бизнес болған соң оларды ешкім қадағалай алмайды. Дегенмен сала мамандары, ертерек қамданса, көңілге қонымды бағадағы демалыс орындарын табуға болатынын айтады.

Осылайша баға саясаты бәсекелестік күшейгенде ғана реттелмек. Ал жаз мезгілінде, әсіресе демалыс күндері Бурабайдағы кептеліс мәселесін қалай шешуге болады? Ол үшін алдағы 2 жылдың ішінде курортты аймаққа кіретін екінші көше іске қосылмақ. Бірақ автотұрақтарды кеңейту жағы басы ашық күйінде қалып отыр. Себебі ағаштарды кесуге ұлттық парк рұқсат бермейді. Дегенмен салаға жауаптылар: «Бұл мәселені жан-жақты қарастырып жатырмыз», – дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко