Хабар телеарнасы

Бұқтырма су қоймасынан қауіпті бактериялар байқалды

Сол маңдағы тұрғындар шұрық тесілген құбырдан аққан арам суды видеоға түсіріп, құзырлы органдарға жолдаған. Осы мәселе бойынша облыстық Экология департаменті әзірше ешбір түсініктеме бермей отыр. Ал жергілікті заңгерлер дәл кәріз суы төгіліп жатқан жерден сынама алып, зертханаға жіберген. Нәтижесінде Бұқтырма су қоймасында ішек таяқшалары қалыпты мөлшерден бірнеше есеге артып кеткені анықталды.

Жергілікті тұрғын бұл видеоны бір ай бұрын түсірсе де мәселе сол қалпы қалған. Арам су Бұқтырманың оң жағалауы, яғни Көгілдір бағаз жағында құйылып жатыр. Негізінен бұл жағажайда демалысқа келген халықтан ала жаздай орын болмайды. Балалардың бірнеше жазғы лагері мен демалыс нысандарының көбісі осы жағада шоғырланған. Кәріз құбырынан аққан су дәл сол жағажайларда жайылып жатыр.

Николай Медведев, Бұқтырма кентінің тұрғыны:

- Дәл осы жерге шомылған балалардың бәрінің көзі қызарып, денесі бөрітіп кетті. Туберкулез таяқшасы да бар деп жатыр. Былтыр Ресейдің Калининград өңірінен туыстарым демалуға келген. Балалары 2 күн шомылған соң көздері іріңдеп кетті.

Ольга Бойка, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Қызым суға шомылатын аумақта бірнеше рет сүңгіп шыққан болатын. Содан қатты ауырды. Өскемендегі жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп, жаны әрең қалды.

Кәріз құбыры мен арам суды тазалайтын нысанның салынғанына 30 жыл болған. Кейіннен жекешеленіп, сол маңдағы үлкен демалыс орнын ашқан бір кәсіпкердің меншігіне берілген. Соңғы 4-5 жылда арам судың құбыры шұрық тесіліп, тазалау нысаны мүлде істен шыққан. Жергілікті заңгерлер дәл осы кәріз суы құйылып жатқан жерден сынама алып, зертханаға жіберген.

Әнет Ахметжанов, заңгер:

- Біз бернеше рет сараптама жасаттық. Соңғы рет сол ағып тұрған жерін видеоға түсіріп алып, суға шомылатын аумақтың суын зертханаға бердік. Нәтижесінде су құрамы бұзылғаны анықталды. Бір литр суда 24 мың ішек таяқшасы бар екені нақты дәлелденді.

Арам судың әлегіне түскен Бұқтырма кентінің тұрғындары облыстағы құзырлы органға шығымданған. Алайда Экология департаментінің бұл мәселеге қатысты заңды пәрмені болғанмен, реттеуге келгенде дәрмені жетпей отыр.

Олжас Керейхан, тілші:

- Соңғы бірнеше жылда облыстағы туризмді дамыту үшін бірнеше бағыт бойынша жобалар да жасалды. Жағасынан ала жаздай адам үзілмейтін Бұқтырманың суы ластанса, бұл салаға кері әсер етуі әбден мүмкін. Ал туристер үшін сапалы қызмет пен жайлы жағажай ғана қажет.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов