Хабар телеарнасы

Бір тәулікке қамалып шыққан бала дәрігерін әріптестері қолдады

Емделушімен арада болған кикілжің салдарынан бір тәулік қамауда отырған ақтаулық дәрігердің оқиғасынан кейін «ақ халаттылардың абыройын заңмен бекіту керек» деген мәселе қоғамда қызу талқыланып жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов дәрігерін жазаға қиған өңірдің денсаулық сақтау басқармасы мен кәсіподақ жұмысын сынға алды. Емдеуші мен емделушінің арасындағы қарым-қатынас қалай реттеледі, қайтсе мәртебе өседі?

Бейнебақылау камерасына жазылған үнсіз бейнеден емханаға келген әйелдің дәрігерлермен ұрысып жатқанын көруге болады. Жанжал сөзбен шектелмей, жаға жыртысуға дейін барды. Емделушіге бейәдеп жауап қайтарған жоғары дәрежелі хирургтың әрекеті кейін сотта қаралып, судья бір тәулікке қамалсын деген үкім кесіпті. Мұндай шешіммен дәрігердің өзі де, оның әріптестері де мүлдем келіспейді.

Насухан Отарғалиев, балалар хирургы:

- Бір емес, қайта-қайта қайталана берсе кім бізге қорғаныш болады? Қазіргі жағдайда халыққа көмек беретін дәрігер емес, бір қылмыстық топтың мүшесі сияқты көрініп қалдым.

Қоғам пікірі қаққа айырылды. Бірі дәрігерді қолдаса, енді бірі «Гиппократқа серт берген маманның емделушісіне дауыс көтеретін жөні жоқ еді», – дейді. Дау ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа да жетті.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Менің пікірім, денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайды уысынан шығарып алған. Істің сотқа жетіп, қоғамның қызу талқылануына түсуін күтіп отырды. Кикілжіңдер ымырамен шешілуі тиіс. Ал қазір дәрігерлер наразылық білдіріп жатыр. Себебі олар кәсіподақтан ешқандай қолдау, әділ шешім таппай отыр. Осыдан кейін әрине, маман тапшылығы болады. Қазір ұзақ уақыт жүргізген жас мамандарды ауылға жіберу жұмысы орта жолда қалу қаупі туындап отыр. Себебі осы оқиғадан кейін көңіл суып қалды.

«Емделуші мен емшінің дауы жанжалға ұласпау үшін арнайы заң қабылдау керек», – дейді мамандар. «Онда дәрігердің мәртебесі айқындалып, табысы талабына сай төленуі керек», – дейді ардагер дәрігер Надежда Петухова.

Надежда Петухова, Еуразиялық медициналық қауымдастықтың вице-президенті:

- Мемлекет басшысының өзі медицина саласы қызметкерлерінің мәртебесін көтеру туралы айтты. Дәрігерлер педагогтардың тәжірибесімен арнайы заң әзірлеу керек шығар. Халық арасында дәрігерге деген құрмет болуы керек.

Құрметті заңмен бекітіп беруге бола ма, әлде еңбекпен бөленген жөн бе? Бұл да бөлек бір сұрақ. Мәселен, бір тәулікке қамалған ақтаулық хирург бұған дейін «бұзақылық» үшін сотқа тартылған. Емделушісіне тағы дөрекі жауап қайтарғаны үшін Насухан Отарғалиев ол жолы айыппұлмен құтылыпты. Жыл ішінде әрекеті қайталанған соң, қамауға алмастан басқа соттың шарасы қалмаса керек. Оның өзінде абыройлы еңбегін ескеріп, судья 10 күннің орнына бір күнмен шектеліпті. Бұл дерек дәрігердің мәртебесімен қатар, этикасын көтеру де артық етпейді дегенге мезейді.

Авторы: Азамат Алдоңғаров