Хабар телеарнасы

Шетелдік нөмірмен жүретін автокөліктерді тіркеу міндеттеледі

«Бұл әдіс жол ережесін бұзып, шектен шыққан шетел көліктерін жазалауға қолайлы», – дейді мамандар. Ал әзірге тіркеуде жоқ темір тұлпарды тақымына қысқандарды жазаға тарту мүмкін болмай тұр. Олар бейнекамераға түскенімен, автокөлік иесіне айыппұл салынбай қалады.

Соңғы жылдары қаптаған автокөліктің арасынан шетелдік нөмірмен ызғытып жүретіндерді жиі көзіміз шалады. Әсіресе еліміз Кедендік одаққа мүше болғалы шекаралас аймақта тұратындар темір тұлпарларын тыстан тасуға тым әуестеніп кетті. Осыдан біраз жыл бұрын қырғыз және ресейлік нөмірлі көліктермен қатар ол тізімге Армения автоарғымақтары қосылды. Жол ережесін жиі бұзатындар осы автокөлік тізгіндеушілері екен.

Әлібек Кеңесбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Өкінішке қарай, бүгінгі таңда елімізде шетелдік нөмірмен жүрген қанша көлік бар екендігін және олар кімге тиесілі екенін, тіпті кім жүргізіп жүргенін нақты білмейміз. Бұл бағытта біздің тіркеу жүйелеріміз тиімсіз. Біз тек автоматты режимде жол ережесін бұзушыны анықтағанымызбен, көліктің иесі кім екендігін анықтай алмай жатырмыз.

Осының салдарынан көлік тізгініндегілер заңды белшесінен басып, ойқастап жүр. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жол апатынан жарақат алушылардың қатары азайғанымен, жарық дүниемен қоштасып жатқандардың саны көбейген. Мұның барлығы жол ережесін сақтамағандықтан орын алып жатыр.

Әлібек Кеңесбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Тек былтырдың өзінде шетелдік нөмір таққан темір тұлпар тізгіндеушілер 41 мың жол ережесін бұзған. Ал осы жылдың алғашқы жартысында-ақ 42 мың құқықбұзушылық тіркелді.

10-15 минут ішінде шетел нөмірімен жүрген 5 автокөлікті тоқтаттық. Дамир Ибраимов өз көлігін Ресейден алған. Біздің елде тіркеуге тұру міндеттелмегендіктен, сақтандыру құжатымен жүр.

Дамир Ибраимов, жүргізуші:

- Әрине, тіркеу туралы заң болса, орындаймыз. Мен бұл көлікті алғанда ондай ереже болмады. Айдап жүргеніме осымен екінші жыл болды. Ереже бұзған жоқпын, айыппұл да салынбады.

Мұндай автокөліктерді бақылау көлік пен оның иесіне қатысты барлық мәлімет базасын сәйкестендіруді қажет етеді. Қиындық тудырып отырғаны осы. Заңға енгізілетін түзетулердің жай-жапсары күзде белгілі болады. Сол кезде Парламентте талқыланады. Реттеу нормалары келер жылдың басында енгізіледі.