Хабар телеарнасы

Наурызым қорығына шетелден келушілер қатары көбейді

Отбасылық демалыс, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Наурызымға алыс шет елдерден ат шалдыратындар аз емес. Бірегей табиғи кешеніне келушілер соңғы жылда 2 есеге артқан.

Наурызым қорығына келген адамдарды алдымен музейге апарады. Мұнда жергілікті тұмса табиғаттың бай әлемі барынша көрініс тапқан. Содан кейін туристер алдын ала анықталған бағыттар бойынша қорықтың қызықты, көрікті деген жерлерін тамашалайды.

Орман алқабының «экологиялық дәліз» деп аталатын тұсында терек, қайың ағаштары аралас өскен. Ұзындықтары 30-40 метрге дейін жетеді. Олардың ұштары күмбез іспеттес бір-бірімен байланысып жатыр.

Қанат Батырханұлы, Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары:

- Ең қызығы – қорықты мекен ететін аңдар мен құстар. Орманда ұя басатын бүркіт, қарақұс, аққұйрық, су бүркіті, ителгі сынды құстарды көріп, соның ұясын іздеп, балапандарына тамағын қалай әкеліп беретінін, аңшылыққа қалай шығатынын тамашалау үшін келетін саяхатшылар көп.

Жылына қорыққа мыңға жуық адам туристік сапар шегеді екен. Олар түстеніп, түнейтіндей жол бойында қонақүйлер бар. Ал жабайы табиғатқа жақын болғысы келетіндерге шатыр, көрпе, қап беріледі. Жыл сайын Наурызымға ат ізін салуды әдетке айналдырған тұрақты туристердің бірі –германиялық кәсіби фотограф Торстен Прёл.

Торстен Прёл, зерттеуші фотограф:

- Бұрынғы қалпында сақталған әсем табиғатты тамашалағысы келетіндерді ұсақ-түйек тұрмыстық жағдай тоқтата алмайды. Мұнда тіпті терең ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар.

Экологиялық туризмді тартымды ете түсу үшін қазір қорық аумағындағы көлдер тазартылып, жағажайлар жабдықталып жатыр. Сондай-ақ туристерді тасымалдауға өтімділігі жоғары, жайлы автобус алмақ ойлары бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг