Хабар телеарнасы

Аптап ыстықтан зардап шеккен Алматы тұрғындары жедел жәрдемге жүгінуде

Сынап бағанасы таңертеңгі уақытта 27-29°С, ал түс қайта 36-38°С-қа дейін көтеріледі.

«Қазгидромет» мамандары: «Шілденің шіліңгір ыстығы тамызда да жалғасады», – деп отыр.

Аптап ыстық алдымен денсаулығы сыр берген жандар мен егде жастағы адамдарға ауыр тиюде. Соңғы уақытта қаладағы жедел жәрдем қызметін шақырушылардың саны артқан. Дәрігерлер: «Ыстықта далаға шықпай, майлы тамақтан бас тартқан дұрыс», – дейді. Ең бастысы сұйықтықты көп ішкен абзал.

Азамат Әменов, Алматы қаласы медициналық жедел жәрдем қызметі директорының міндетін атқарушы:

- Соңғы аптада шақыртулар көбейді. Әдетте шақыртулардың жалпы саны тәулігіне 2400 болса, қазіргі таңда ол 2600-3000 шақыруға дейін көбейді. Шақыртулардың басым көпшілігі жүрек-қан тамырлары жүйесіне байланысты сырқаты бар науқастардан түседі. Солардың қатарында артериалды гипертензиямен, сусамырмен ауыратын науқастар да бар.

Қала көшелеріндегі термометр түс қайта 36-38°С ыстықты көрсетеді. Тұрғындар қапырық ыстықтан субұрқақ маңынан сая іздеуде. Алайда мамандар бұл көрсеткіштің аномальды ыстыққа жатпайтынын мәлімдеген. Айта кетейік, Алматыда 43°С ыстық 1983 жылы тіркелген.

Дәулет Кесебаев, жетекші инженер-синоптик:

- Егер термометр көрсеткіші 40°С-тан асса, онда бұл климаттық өзгеріс болып саналады. Шілде жылдың ең ыстық айы болғандықтан, бұл әдеттегі жағдайға жатады. Қалада ең ыстық жаз 1983 жылы тіркелген. Ол кезде ыстық 43°С-қа жеткен. Ал соңғы рет Алматыда 2007 жылы 39°С ыстық болған.

Мамандар аптап ыстық тамыз айында да қайталанатынын ескертеді. Тек айдың ортасынан бастап қана ыстықтың беті қайтады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов