Хабар телеарнасы

Алматыда химиялық бояулар қоймасы өртенді

Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Мамандардың айтуынша, жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттің қайдан шыққаны әзірге белгісіз. Қызыл жалынды сөндіруге 27 арнайы техника мен 70-ке жуық өрт сөндіруші жұмылдырылды. Мамандар тікұшақтардың да көмегіне жүгінді.

Өрт сөндірушілердің мәліметінше, қызыл жалын 12:15-те ауыздықталды. Дегенмен қолқаны қапқан қара түтін бірнеше сағатқа созылды. Тек қана тікұшақтың өзімен 101 шаршы метр су осы қоймаға төгілді.

Толықтай жанып үлгермеген химиялық бояулар тағы 3 сағатқа дейін бықсып жанды. Өрт тек түскі сағат 14:49-да ғана толық өшірілді. Жалын жалпы көлемі 450 шаршы метр аумақты шарпыған.

Әділ Мүсірәлімов, куәгер:

- Мына өрт таңғы сағат 07:30-да басталды. Біз балконға шыққанда кішігірім түтін шығып жатқан. Осыдан 1 сағаттан кейін түтін қоюланып кетті. Осы маңда жанармай құятын автобекет бар. Алғашында сол өртенді ме деп ойладық.

Түске дейін өртті өшіру мүмкін болмаған соң көмекке тікұшақтар келді. Жалпы қызыл жалынмен 7 сағат бойы 70 өрт сөндіруші арпалысты. Сондай-ақ 27 техника жұмылдырылды. Оған қоса 3 тікұшақ әуеден 101 шаршы метр су тастады. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт қуаттылығы жағынан ІІІ деңгейге жеткен.

Мұхтар Тәжібаев, Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі:

- Өрт сөндірушілерге қажетті суды жақын маңдағы Алматы су желісінен алдық. Мұндағы көгілдір отын құбырлары бірден жабылып, электр желісіндегі қуат сөндірілді. Жақын маңдағы тұрғын үйлер оқшауланды.

Серік Әубәкіров, Алматы қаласы ТЖД басшысы:

- Кеше осы қоймаға 3 теміржол вагонымен 200 тоннадай химиялық бояу жеткізілген. Сондықтан да өртті бірден сөндіру қиынға соғуда. Химиялық қоспалар от тиген сайын жарылып жатыр. Сондықтан әуе күшін де жұмылдырдық.

Алматылықтарды таңнан әуреге салған өрт сөндірілді. Бірақ ол қайдан, қалай тұтанғаны әзірге белгісіз. Сондай-ақ шығын көлемі де анықталуда.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Ерлан Әбжанов