Хабар телеарнасы

Жезқазғанда сыбайлас жемқорлық 11,5% төмендеген

Атқарылған шаралар нәтижесінде жемқорлық 11,5% төмендеді. Биыл аймақта «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы іске қосылған болатын. Оның аясында қала мен аудандарда фронт-кеңселер және Open Space принципімен жұмыс жасайтын кабинеттер, «Адалдық дүкендері» ашылды.

Жезқазғанға іссапармен барған облыс әкімі Ерлан Қошанов қала басшысына бұл бастаманы өз бақылауында ұстауды тапсырды. Мақсат – мемлекеттік қызмет түрлерінің сапасын арттыру. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында мемлекеттік қызметтерді электрондық жүйеге көшірудің маңызы зор. Бұл бағытта Жезқазғанда тың жұмыс атқарылды. Жарты жылда 30 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, оның 82% электронды түрде жүзеге асқан.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

 - Мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы үлкен күрес жүргізіліп жатыр. Қоғамның сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейтарап қарамауы, азаматтардың мемлекет тарапына сенімін арттыру – барлық мемлекеттік органның жауапты міндеті.

Жезқазған қаласының әкімшілігіндегі жаңа фронт-кеңсе заманауи қондырғылармен жабдықталған. Тұрғындарды қала әкімі, жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері мен білім және әлеуметтік қорғау саласының мамандары қабылдайды.

Денис Шәкенов, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы:

- Сыбайлас жемқорлықпен күресті әр мемлекеттік органның басшысы жүргізуі керек. Мамандар арасында түсіндірме жұмыстарын жиі өткізу – міндет. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қолдана отырып, оған жол бермеу үшін алдын ала шаралар ұйымдастыру қажет. Бұл – біздің ортақ жұмысымыз.

Енді заманауи фронт-кеңсені Қарағанды қаласында ашу көзделіп отыр. Жалпы аймақтың мемлекеттік органдарында 8 кабинет ашылған. Сонымен қатар «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында 18 колледж, 30 мектеп және 7 балабақша директоры ғимараттың бірінші қабатындағы кабинеттерге көшірілді. Босаған орындар оқушылар тынығатын алаңдарға айналмақ.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков