Хабар телеарнасы

Арыстық бүлдіршіндер Ақтөбеде демалуда

Облыстық білім беру басқармасы ұйымдастырған жазғы демалыстың алғашқы науқаны 100 баланы қамтыған.

Мақсат, Бекболат және Жанболат Әзімхановтар жазғы лагерьге жолдама алған алғашқы оқушылардың легімен келген. Ойын балаларының көңілі көтеріңкі. Ел ішін аралап, бейтаныс жерлерді көргендеріне разы.

Мақсат Әзімхан, Арыс қаласының тұрғыны:

 - Мен ата-анама сәлем жолдағым келеді. Қазір бәрі жақсы. Демалып, таза ауа жұтып, жақсы достар тауып, басқа да жерлерге қыдырғым келген еді. Ақтөбеде бірінші рет болып тұрмын.

Құшағын жайып қарсы алған жазғы лагерьде балалар үшін дамыл жоқ. Түрлі ойындармен қатар спорттық және шығармашылық үйірмелер бар. Түркістан облысынан келген бөбектерге арнайы экскурсия да қарастырылған. Олар Ақтөбенің тарихи және мәдени орындарын аралайды. Ал күнделікті кешкілік бағдарламада жергілікті бүлдіршіндермен бірге мерекелік кештер өтеді.

Райымбек Байшағанов, балалар лагерінің директоры:

- Біздің ойымыз – Арыстан келген балаларды ақтөбелік балалармен достастыру. Олардың жазғы демалыстарын жақсы көңіл-күйге бөлеп, жаңа оқу жылына дайындықпен барсын деген ниетіміз бар.

Оңтүстік өңірден келген қонақтар үшін жазғы лагерьдің ауысым мерзімі ұзартылған. Олар табиғаты таңдай қақтырар демалыс орнында 24 күн бойы тынығады. 3 қыркүйекке дейін тағы 100 оқушы келеді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков