Хабар телеарнасы

Өскемендегі кейбір қоғамдық көліктердегі жеңілдік жойылды

Енді бұл тариф жалпыға бірдей 90 теңгеге теңестірілді. Жеңілдікті қайта қалпына келтірмесе, қала әкімдігі ол автопарктермен келісімшартты бұзу жөнінде шешім шығарады.

Қазір қаладағы жолаушыларды 10 компания тасымалдайды. Жеңілдікті халық ең көп жүретін бағыттағы негізгі екі автопарк алып тастады. Ал қаладағы қоғамдық көліктердегі тариф бұдан екі жыл бұрын 75 теңгеден 90 теңгеге бірден өскен. Жеңілдіктің жойылуы әсіресе көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлердің қалтасын қағып тұр.

Блиц:

- Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында зейнеткерлер мен балаларға жеңілдік қарастырылған. Ал бізде неге жоқ? Менің 4 немерем бар. Олардың бәрін бір жаққа апару үшін қалай 90 теңге төлеймін?

- Біздің үйімізде 3 бала бар. 3 балаға 90 теңге төлеу қиынға соғады.

- Менің немерелерім 3 және 4-сыныпта оқиды. Оларға ешқандай жеңілдік жоқ. Бұрын болған. Ал зейнеткерлер 45 теңгеден төлейтін. Бізге жеңілдік керек. Әйтпесе қалта көтермейді.

Бұл шешімнің орынсыз екенін тасымалдаушылар да біледі. Бірақ автопарк жетекшілерінің сөзіне сенсек, қосалқы бөлшек, жанармай және техникалық қызмет көрсету құны өскен.

Елена Рядинских, автобус паркінің өкілі:

- Қалалық әікмдікті ескертіп келе жатқанымызға 2 жыл болды. Жағдай қиындап барады. Сондықтан жеңілдікті алып тастауға мәжбүр болдық. Сонымен қатар жолаушыларды тек таңертең және кешке ғана тасымалдаудан басқа амалымыз қалмай отыр.

Өскемен қаласының әкімдігі жеңілдікті жойған автопарк басшыларына қоғамдық тасымалдау туралы заңды бұзғаны туралы хабарлама ғана жіберген. Енді ол компаниялармен келісімшартты бұзу туралы шешім қабылдады.

Әлібек Тұрсынбетов, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- ҚР заңында қоғамдық тасымалдаушылар 7-15 жас аралығындағы балаларға 50% жеңілдік ұсыну керектігі туралы жазылған. Сол себепті жеңілдік ақыны алып тастағаннан кейін келісімшарт бұзылды. Бұл мәселені халыққа тиімді қылып шешу үшін қазіргі кезде толықтай іс-шаралар қарастырылып жатыр.

Өскеменде жолаушыларды тасымалдау мәселесі толық шешімін таппай келе жатқанына бірнеше жыл болды. Әсіресе жаңадан бой көтерген шағын аудан тұрғындары уақытының көбін автобус күтумен өткізеді. Шет жаққа жүретін №54, №55 және №42 бағыттағы автобустардың аралық жүру жиілігі кейде 40-45 минутқа созылады. Осының кесірінен үнемі адам лық толы. Енді оған жеңілдік мәселесі қосылды. Бұл жағдай әлжуаз отбасылардың қалтасын қағып тұр. Ал автобустардың көбі техникалық тұрғыдан ескірген. Сондықтан жүруінен тұруы көп.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов