Хабар телеарнасы

СҚО-да жазасын өтеушілердің 98% жұмыспен қамтылған

Өйткені еңбекке ұмтылушылардың саны уақыт өткен сайын артып келеді. Нәтижесінде бүгінде жаза басып жаңылғандардың 98% екі қолға бір күрек тапқан.

Әсел Мәркен – жаңылып жаза басқан жандардың бірі. Ол 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Тігіншілікке икемі бар азаматша темір тордағы өмірін бос өткізбеуге тырысады. Тіпті «бостандыққа шыққанда өз кәсібімді ашсам» деген де арманы жоқ емес.

Әсел Мәркен, жазасын өтеуші:

- Қандай болса да, өмір ағымынан қалыспай жұмыс істеп жүрміз. Жалақымыз жақсы. 29 мыңнан 50-ге дейін барады. Үйге жібереміз. Өтемақымызды сот үкімі бойынша ай сайын 50% төлеп отырамыз. Қателігімді түсіндім. Осы жұмысты әрі қарай жалғастырамын.

Түзеу мекемесінде жаңа кәсіп меңгергендердің бірі – Олеся Русак. Қаңтар айынан бастап ол көкөніс өсірумен айналысады. Жарты жылдың ішінде шағын ғана жылыжайдан жарты тоннаға жуық өнім жинапты.

Олеся Русак, жазасын өтеуші:

- Өз жұмысыңа жауапты болсаң, міндетті түрде оның жемісін көресің. Мына өсімдіктердің барлығы ерекше күтімді қажет етеді. Қажырлы еңбектің арқасында қысы-жазы жақсы өнім алудамыз. Енді осы жерде тағы 2 жылыжай салынады деген жоспар бар.

Бүгінде темір тордың ар жағынан 6 кәсіпкер өз өндіріс ошағын ашқан. Олардың қатарында тіпті қоян шаруашылығына ден қойғандары да бар.

Сондай-ақ биылдан бастап әйелдер колониясында қояндар да өсіріле бастады. Ақпан айында олардың 5-еуін әкелген екен. Қазір бұлардың саны 60-тан асқан.

СҚО-да 5 түзеу мекемесі бар. Оларда 645 адам жазасын өтейді. Бүгінде шалыс басқандардың 98% жұмыс тапқан.

Қанат Сүлейменов, ЕС 164/6 түзеу мекемесі бастығының орынбасары:

- Осында білім алып, білікті маман болып шыққандарды кәсіпкерлердің бірі тұрақты жұмысқа қабылдайды. Бостандыққа шыққан кезде тіпті жатақханамен де қамтамасыз етеді. Сондықтан жазасын өтеушілердің көбі өздерін жақсы жағынан көрсетуге тырысуда.

Жазасын өтеушілерді белгілі бір кәсіпке бейімдеудің маңызы зор. Себебі мұндай мүмкіндік темір тордан босап шыққандардың еңбек нарығында өз орнын табуға септігін тигізері сөзсіз.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов