Хабар телеарнасы

І топтағы мүгедек кәсіп ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр

Ол – тумысынан мүгедек. Соған қарамастан, аяғымен сурет салады, кір жуып, іс тігеді. Әрине, бұл – қарапайым әйел затына тән жұмыстар. Бірақ Анар оны қолмен емес, аяқпен атқарады. Тағдырға мойымаған ол үй шаруасын, бала тәрбиесі мен кәсіпкерлікті қатар алып, көпшілікке үлгі-өнеге болып отыр.

Анар Бексұлтанова дүниеге екі қолсыз келген. Отбасындағы қамқорлық пен қайсарлығының арқасында көптеген қиындықты жеңе білді. 19 жасында жоғары білімді маман атанып, облыстық музейге экскурсия жетекшісі болып еңбекке араласады. Негізгі жұмыстан бөлек жеке кәсіп ашуды армандаған Анар 5 жыл бұрын «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысып, 3 млн теңге несие алады. Осылайша үйінің ішінен шағын цех ашып, тігіншілікке бет бұрады. Бүгінде іскер әйел бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

Шынар Сағынтайқызы, жұмысшы:

- Бастапқы кезде менің айлығым 30 мың теңге болған, ал қазір айына орта есеппен 85-90 мың аламын. Одан да жақсы жұмыс істесем, 100 мыңның үстінде аламын.

Кішкентай бөлмеде көздің жауын алатын бұйымдар жасалады. Көбі – ұлттық нақышта тігілетін көрпе, жастықтар. Әсіресе қыздың жасауына тапсырыс көп түседі. Анардың ісмерлікке деген қызығушылығын оятқан әжесі мен анасы екен.

Барлық кедергіге төтеп берген Анардың өзі: «Алдыңнан 10 есік жабылса, 11-іншісі ашылады», – дейді. Жігерлі жан адам баласының қолынан келмейтін дүние жоқ деген сеніммен өмір сүріп келеді. Ол аяғымен қарапайым жұмыстарды ғана емес, сурет салуды да үйренген. Өзінің білгенін екі қызына үйретуден жалыққан емес. Үлкен қызы Әдемі анасы сияқты кәсіпкерлікті қаласа, екінші қызы Сұлуайым кондитер болуды армандайды.

Енді аз уақытта Анар үйінің ауласынан үлкен тігін цехын ашады. Құрылыс жұмыстары аяқталды. Тек ғимаратты жабдықтау қалыпты. Ал дайын бұйымдар арнайы сауда орнында сатылатын болады. Анар Бексұлтанованың тағы бір арманы бар. Ол – өзі сияқты ерекше тағдырлы адамдарды жұмыспен қамтып, қоғамнан өз орнын табуына қол ұшын беру. «Алға ұмтылған адам ғана мұратқа жетеді», – дейді ол.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Руслан Рахатілла