Хабар телеарнасы

Арыс қаласын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр

Бұл туралы қаладағы атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев айтты.

Гүлнәр Ибрагимованың отбасы жарылыстың ошағы саналған аумаққа жақын тұрады. Оқиға орын алған күні ол да отағасы мен балаларын алып қаланы тастап шыққан. Содан 5 күннен соң үйіне оралса, баспанасының жарты бөлігі ғана қалыпты. Оның үйін мамандар 2 апта ішінде салып берген. Кезек көрші үйлерге жетіп, көшеде құрылыс қарқын алды.

Гүлнәр Ибрагимова, Арыс қаласының тұрғыны:

- 2 аптаның ішінде үйімізге кіргізді. Әйтпесе далада жатқанбыз. Барлығы жақсы. Есік, терезе, барлығы бүтін. Рахмет!

Арысты қалпына келтіруге бүгінде 6 мыңға жуық құрылысшы тартылған. 17 секторда жалпы саны 194 құрылыс компаниясы, 245 техника жұмыс жасап тұр. Шаһардағы 62 әлеуметтік нысанды жөндеуге 1617 құрылысшы жиылған. Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, үйлердің мониторингі мен құрылыс барысын бақылау күн сайын жүргізіледі.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары:

- Арыс қаласы бойынша 8 469 үй белгіленген. Оның ішінде 7 мыңнан астамына жөндеу жұмыстарын жүргізу керекпіз. Сол жұмыстардың 60% астамы басталды деп айтуға болады. Күн сайын 150-200 үйдей аяқталып жатыр. Оның саны қазір көбейе бастайды. Жаңадан 149 үйді толықтай салу керекпіз. Ол үйлердің де саны көбеюде. Өздеріңіз көріп отырғандай жекеменшік үйлер мен ескі үйлер саманнан жасалған.

Жөндеу жұмыстарының сапасына халықтың барлығы риза емес. Сондықтан да күн сайын жергілікті әкімдікке тұрғындардан 30-дан астам өтініш келіп түседі.

Мұрат Қадырбек, Арыс қаласының әкімі:

- Қадағалап отырмыз. Бастапқы кезде көбісінен біздің үйге тиісті адамдар келген жоқ, сосын ақау актілерімен келіспеймін деген арыздар болатын. Олардың барлығын қарап жатырмыз. Қазірде арыздар бойынша жеке-жеке шешімдер қабылдануда.

Қазір қаладағы үйлердің 85% жөндеуді қажет етеді. Ал Елбасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған нысан 1 тамызға дейін тапсырылуы тиіс.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Самат Нағашбекұлы