Хабар телеарнасы

ҚР Президентінің қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірқатар өзекті мәселе бар. Бұл мәселелер бойынша біз тиіс шешімдерді қабылдауымыз керек. Алдымен жарты жылдың көрсеткіштерін қарастырамыз. Жалпы қаңтар-маусым айларында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік.

Жарты жылдықтағы экономиканың өсімі 4,1%, инфляция 5,4% деңгейінде. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге Премьер-Министр Асқар Мамин кеңірек тоқталды. Алайда отырыста жетістіктерге емес, кемшіліктерге көбірек көңіл бөлінді. Премьер-Министрден кейін елдің ақша-кредит саясаты туралы баяндамасын Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев оқыды. Төл валюта құны жарты жылда шамамен бекіді. Ұлттық қор 86,5 млрд долларға жетті. Банк секторы анық тұрақтанып келеді. 1 тамыздан бастап шетелдік капиталы бар 14 отандық банк активін бағалау жұмысы басталады.

«Кепілсіз несиелер бойынша қарыздардың 70% екінші деңгейлі банктер өздері өтейді. Ұлттық банктен тек 17,5 млрд теңге шығын шығады», – деді банк төрағасы.

Осыдан кейін тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым жайында Роман Скляр баяндама жасады. «Жол, баспана бойынша жоспар мен жұмыс қалыпты жүріп жатыр. Қарапайым заттар экономикасына 600 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 130 жоба іске қосылады», – деді министр.

Еңбек және әлеуметтік мәселелер жөнінде Бердібек Сапарбаев мәлімдеді. Мемлекет 39 әлеуметтік жәрдемақы түрін төлейді. Нәтижесінде 1,3 млн азаматтың жағдайы түзелді. 1 млн қызметкердің жалақысы өсті. «Алайда бұл қамқорлық жатыпішерлікке ұласпауы керек», – деді Президент.

Халықтың игілігіне ашылып жатқан индустриялық жобалар да қажетті қаражатын алуы тиіс. Мемлекет басшысы алдағы жылдардың бағдарламасын қайта қарап, кем тұстарын анықтау керектігін айтты. Мәселен, 2018 жылы барлық жобаның тек 35% қажетті ақша жеткен көрінеді. Президент бөлінген ақшаның тиімді игерілмейтініне ерекше назар аударды. Қажетсіз шығындарды қысқартып, елге әлеуметтік-экономикалық пайда тигізетін жобаларға ғана жол ашылуы тиіс.

Ауыл шаруашылығын тек шаруалар ғана емес, ғалымдар да өнімділікті арттыра алады. Президенттің Ауыл шаруашылығы министріне берген тапсырмасы осындай.

Президент пен Үкімет мүшелері Қазақстан ендігі жерде қай бағытта дамуы керектігін талқылады. Шілденің шіліңгір ыстығында көпшілік демалысқа қамданып жатса, Үкіметтің жұмысы енді қызады. Сөз соңында Президент Үкімет басшысы мен министрлерге сенетінін айтып, жігерлендіріп алды.