Хабар телеарнасы

Асқар Мамин Арыстағы құрылыс жұмыстарымен танысты

Үкімет басшысы Асқар Мамин шаһарға арнайы барып, осы істің барысымен танысып қайтты. Премьер-Министр зақым келген үйлерді, әлеуметтік нысандарды және инженерлік желілерді аралап, жөндеу жұмыстарын 1 тамызға дейін аяқтауды тапсырды.

Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарының басталғанына 2 аптаға жуық уақыт өтті. Құрылысшылар алдымен шатыры қирап, қабырғасы қақыраған үйлерді жөндесе, енді бөренелері босап, төбесі ортасына түскелі тұрған әлеуметтік нысандарға кірісті.

Премьер-Министр сапар барысында өңірлік штабтарды аралап, «Көктем-1», «Көктем-2» шағын аудандарында, жергілікті балабақша мен теміржол вокзалында және Халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Мұнда қала тұрғындарына өтемақы төлеу ісінің қалай жүргізіліп жатқаны Үкімет басшысына баяндалды. Арыста жарылыс кезінде түгелімен жанып кеткен үйлер де бар. Сондықтан баспана иелері дүние-мүлкімен қоса құжаттарын да қайта қалпына келтіріп жатыр.

Айдар Ысқақов, Арыс қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы:

- Үй жайлары толық өртенген азаматтардың құжаттары тегін жасалып жатыр. Сонымен қатар жоғалған, бүлінген туу туралы куәліктер мен неке куәліктері қайта қалпына келтірілуде.

Қала бойынша 676 үй жөнделді. Тағы 3 мың тұрғын үй мен медицина, білім және спорт саласындағы 66 ғимаратта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен жергілікті емхана емдеу ісін бастап кетсе, қалалық аурухана тамыз айында қайта есік ашуы тиіс.

Шалқар Дәулетияров, хирург:

- Педиатр, терапевт, хирург, барлық дәрігер жұмыс істейді. Есік-терезе қираған. Бірінші қабатты қалпына келтіріп үлгердік. Қалған қабаттарға енді көшеміз.

Сапар соңында Асқар Мамин тиісті орган басшыларымен кеңес өткізді. Жиында Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласының атқамінерлері өздеріне бекітілген аумақта құрылыс 1 тамызға дейін аяқталатынын айтты. Ал Үкімет басшысы арыстықтардың тезірек үйлеріне оралу қажеттігін тағы да ескертті.

Авторлары: Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов