Хабар телеарнасы

Ресейлік азамат қазақстандық сырқат балаға донор болды

Донор Ресейден табылған. Діңгек жасушалары Киров қаласынан жеткізілді. Донор баланың жақын туысы емес. Бірақ лейкозды емдеуге қатысты деректері сәйкес келген. Мамандардың айтуынша, осымен Ресейдің сүйек кемігі регистрі арқылы төртінші реципиент анықталып отыр. Бұл жолы да сау жасуша баланың өміріне араша түседі деген үміт зор. Бүгінгі күні еліміз бойынша сүйек кемігіне трансплантация жасауды қажет ететін 300-ге жуық науқас бар. Оның 80-і – бала. Елімізде сүйек кемігі донорларының регистрі бар. Онда 7 мыңға жуық адам тіркелген.

Дайыр Нұрғалиев, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары:

- Бұл емдеу шаралары баланың өмірін сақтап қалуға ықпал етіп отыр. Дер кезінде жасалған трансплантацияның бұл ретте әсері мол. 2012 жылға дейін сүйек кемігінің бағанасын ауыстыру мүмкін болмаған. Онкологиялық қан ауруына душар болғандар өзімізде емделе алмағандықтан, шетел асуға мәжбүр болатын. Қазір медицина дамып келеді. Елімізде күрделі саналған операциялардың өзі жасалып жатыр. Әрине, медицина бір орында тұрмайды, үнемі даму үстінде. Сондықтан шетелдік әріптестерімізбен тәжірибе алмасып тұрамыз. Бұл жолы Түркиядан дәрігерлер келіп, шеберлік сағаттарын өткізіп жатыр. Олармен кеңесе отырып сүйек кемігінің жасушаларын ауыстыруға қатысты 4 науқасқа трансплантация жасалады.