Хабар телеарнасы

Археологтар ШҚО-дағы қорғандардан 500-ге жуық жәдігер тапты

Бұл аумақта Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтың жетекшілігімен қазба жұмыстары былтыр басталған. Нәтижесінде өткен жылы 3 мыңға жуық алтын зат шыққан.

Ал биылғы зерттеу жұмыстары кезінде әзірше 500-ге жуық жәдігер табылды. Тарихи жәдігерлер 8 ғасыр бұрынғы сақ қорғандарынан шыққан.

Шынжыр баулы алтыннан жасалған бұғы бейнесін археологтар бұрын ешбір қазба жұмысынан кезіктірмеген. Елеке сазындағы сақ қорғандарының тарихи құндылығы осында. Табылған жәдігердің барлығы таза алтыннан жасалған. Зергерлер диагоналі 1 мм болатын алтын моншақтарды тесіп, киімдерді әшекейлеген. Әрбір зат жеке зерттеу мен талдауды қажет етеді. Сондықтан бұл жұмыс – ұлттық тарихымызды түгендеуге қосылған теңдессіз үлес.

Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Алда үлкен табыстар күтіп отыр. Жиналған барлық материал мен дерек біздің көне және орта ғасырлық тарихымызға зор үлес қосады деп үміттенеміз.

Аумағы 30 шақырым жерде шамамен 200-ге жуық сақ қорғаны бар. Ғалымдар табылған заттарға қарап, бұл жерде бекзадалар мен ханшайымдар жерленген деген тоқтамға келді.

Елдос Қариев, «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері:

- Жәдігерлердің тоналғанына қарамастан, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы аң стиліне сәйкес заттар шығады деген үмітіміз бар.

Археологтардың үміті ақталуда. Бұл саркофагтар – қазақ халқында ғажайып дала өркениетінің негізі қалыптасқанына дәлел. Ендігі мәселе – бұл жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізу.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:

- Мәселе тек алтында емес, мәселе ғылымда, білімде. Соның барлығын біздің ата-бабамыз білген. Содан кейін біз осы жаңалықтарды жинап, қыркүйек айында Ыстанбұлға көрсетуіміз мүмкін. Ендігі жылға үлкен келісім бар. Табылған дүниелерді Лондон мен Оксфордтың ең беделді мұражайларына апарып көрсетуіміз керек.

Биыл археологиялық зерттеу жұмыстары өте ауқымды жүріп жатыр. 8 ғылыми экспедициялық топ тартылған. Тек ШҚО-дан ғана емес, оңтүстіктегі жоғарғы оқу орындарындағы ғалымдар мен студенттер келген. Зерттеу басталғалы бір жарым ай ғана болды. Ғалымдар күзге дейін әлі талай тарихи жәдігердің табыларына сенімді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов