Хабар телеарнасы

«Арыстан» футбол клубында тәлім алатын алматылық жас өрендер Испаниядан олжалы оралды

Өткен жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында талай мықтыларды састырған Алматының «Арыстаны» енді міне Барселонаға барып азуын айға біледі. Бейбіт Құлыбековтен тәлім алатын жас өрендер Германия мен Польша және Италия мен Испаниялық қарсыластарын қапыда қалдырып, Каталониядағы турнирдің жеңімпазы атанды.

Бейбіт Құлыбеков, «Арыстан» балалар клубының бапкері:

- Біздің командада талантты балалар өте көп. Арманымыз – соларды үлкен футболға жеткізіп беру. Өзімнің балаларыма өте ризамын. Сөз жетпей тұр. Қазақстанның жалауын көтеріп, әнұранын айтқызды. Соған өте қуаныштымын.

Бапкер дән риза. Риза болмай қайтсін? Жаттығу жасайтын жібі түзу алаңы болмаса да, шәкірттері жанын салып, жеңіс тұғырынан көрінді. «Еуропалықтардың бізден асып тұрған ештеңесі жоқ. Бізге тек тәжірибе жетіспейді. Ал тәжірибе осындай жарыстар арқылы келеді», – дейді бас жаттықтырушы. Жарыстарға шығу үшін қыруар қаржы керек. Ал оны кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді.

Ербол Жақан, ата-ана:

- Испаниядан балаларымыз жүлде алып келді. Әр ата-ана үшін өте үлкен қуаныш, бақыт. Бірақ өкінішке қарай, көп ата-ана банктерден несие алып, қиналып балаларын жіберіп жатыр.

2012 жылы құрылған «Арыстан» балалар футбол клубы аз уақыттың ішінде біршама табысқа жетті. Бірақ клубтың дайындық базасы жоқ. Әркімнің есігін сығалап көмек сұрайды. «Кейбір таланттар жағдайы болмаған соң осындай үлкен жарыстардан шет қалып қояды», – дейді мамандар.

Елдар Жақан, футболшы:

- Менің арманым – үлкен футболшы болу. Месси, Роналду секілді басқа да елдерде ойнағым келеді.

Жас өрендеріміз Барселонада ойнағысы келеді. Шетелдік ойыншыларға шашылған миллиондардың бір бөлігі осындай балаларды қолдауға бөлінсе, қазақ футболы да өзгелерден кем болмас еді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев