Хабар телеарнасы

Қасым- Жомарт Тоқаев жас офицерлерге шен тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев 27 курсантқа лейтенант погонын тапсырып, үлкен өмірге жолдама берді. Президенттің ықыласына бөленген сардарлар – қатардан суырылып шығып, үлгілі тәртіп, ерекше үлгеріммен көзге түскен кіл мықтылар. Жас офицерлерге Президент қандай аманат айтты?

«Атамекен» кешенінің 111 метрлік тұғырына тігілген ту – еліміздің бас байрағы. Ені 30, биіктігі 15 метрді құрайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Елорда күні қарсаңында «Атамекеннің» басында жас офицерлерге Мемлекет басшысы шен тапсырады. Салтанатты шараның терең символдық мәні бар. Көк тудың астына бейбіт күнде жиналу – елдіктің белгісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Егемен еліміздің бейбіт аспанында желбіреген көк туымыз – бүгінгі күннің баға жетпес байлығы. «Туған жерге туыңды тік» деген даналықтың мән-мағынасы осында. Себебі біз қасиетті топырағын қадір тұтатын, туын әрқашан биік ұстайтын елміз. Елорда күні қарсаңында салтанатты ту көтеру рәсімі өздерің сияқты ел қорғаны болатын азаматтардың алдында өтіп жатыр. Бұл аға буынның сіздерге артар зор үмітін білдіреді.

Туың жығылмасын! Қазақ ұғымында кеудеңнен жан шықса да, байрақты құлатуға болмайды деген қастерлі ұғым бар. Әлем «Бейбітшілік қаласы» деп таныған шаһарда жас офицерлерге шен беру «Бейбітшіліктің туын жықпай, мықты ұста!» деген міндетті қатар артады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл - сіздер үшін өте маңызды, ешқашан ұмытылмайтын күн. Барлығыңызға офицер шені беріледі. Әскери оқу орындарында алған білімдеріңізді Отанымыздың тәуелсіздігін сақтауға жұмсайтын кез келді.

Салтанатты сап түзеген 27 сардар – оқу мен әскери машықта ерекше көзге түскен үздіктер. Армияға адасып келмейді. Абылай Тоқтан бұл сапқа тұру үшін талай белестен өтті. Бірден талабы жоғары оқу орнына түсе алмаған жігіт табандылық танытып, ақыры арманына жетіп отыр.

Абылай Тоқтан, Ұлттық ұлан әскери институтының түлегі:

- Медициналық колледжді бітірдім. Одан кейін арманыма қайтадан қол жеткізу мақсатында екінші рет тапсыру арқылы әскери институтқа түстім. 4 жыл бойы әскери өмірге үйреніп, соның жемісін көріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтан лейтенант әскери шенін алып отырмыз.

27 сардардың ішінде Әлия мен Мәншүктің жолын қуған қазақтың батыл қыздары бар.

Нұрсәуле Досқарина, ҚР ІІМ Алматы академиясының түлегі:

- Мен осы күнді 1-курстан бері армандап, аңсап келдім. Өмір бойы осы күнді есімде сақтап өтемін.

Президенттің қолынан погон алған лейтенант Олжас Көшербаев осы күнге бала күнінен дайындалды деуге болады. Дәлірегі оны дайындады. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына серт берген соң, сардар әкесіне уәде беріп жатыр. Әулеттің қос ұлы әке жолын қуып, офицер атаныпты.

Олжас Көшербаев, ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының түлегі:

- 1 жыл бұрын дәл осы жерде туған ағам Көшербаев Дулат Елбасының қолынан офицер погонын алған, мен де ағамның жолымен Президенттің қолынан алып отырмын. Осы күнге 5 жыл бойы талпындық. 5 жыл бойы әскери білімнің шыңына шығып, осы күні офицер атағына ие болып отырмын.

Офицер тек атақ емес. Офицер – абырой, үміт пен сенім. Әр сарбаздың қолын алып тұрып, Мемлекет басшысының айтқан аманаты осы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның қауіпсіздігі сіздердің сапалы жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан жас офицерлер Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарады деп мен кәміл сенемін. Қазақстанның тыныштығы мен тұтастығын күзетуді сіздерге сеніп тапсырамыз. Өздеріңе беріліп отырған офицер шені абыройлы әскери қызметтеріңіздің бастамасы болсын.

Сәт есте қалуы үшін офицерлер Президентті ортаға алып естелікке суретке түсті. Бұл – қуанышты күннің естелігі ғана емес, сертті қағаз бетінде бекіткен тарихи сурет.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- Бұл күн алғашқы шен алған жас офицерлер үшін ғана тарихи сәт емес, Қасым-Жомарт Тоқаев та ел Президенті, Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы ретінде тұңғыш рет ту көтеріп отыр. Офицерлік шенді мереке қарсаңында алу әскерилерге ерекше жауапкершілік жүктейтіні белгілі.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Айдос Меделбеков