Хабар телеарнасы

Елорда күні қарсаңында «Махаббат туралы аңыз» премьерасы сахналанбақ

Театр ұжымы елордалықтар мен шаһар қонақтарына «Махаббат туралы аңыз» премьерасын ұсынбақ. Жалпы «Астана Балеттің» репертуары өте бай. Түрлі жанрдағы әлемдік және отандық шедеврлермен, ерекше хореографиялық қойылымдармен үнемі толығып отырады.

Елордалық көрермендер осы жаздың айтулы премьерасы Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» қойылымын асыға күтіп жүр. Спектакльдің сценографиясын жаңғыртқан суретші Дмитрий Чербаджи Мәскеуден арнайы келіп, әзірлеуде.

Дмитрий Чербаджи, суретші сценограф:

- Біздің мақсат – «Астана Балет» театрындағы заманауи техниканы пайдаланып, сахнаны заманға сай әрлендіріп, көрерменнің көңілінен шығу. Бұл театрда шығармашыл адам үшін барлық жағдай жасалған. Меніңше, қала күні қарсаңында өнертанушыларға бұл жақсы сыйлық болайын деп тұр.

Қазақ биін жандандырып, шетелдік көрерменді тамсандырған ұжымның бағындырған белестері аз емес. Жалпы театрда көлемі сахна көлеміне сай 2 дайындық залы бар. Онда 5 ай бойы әртістер мерекелік премьераға дайындалып жүр.

Риза Қанатқызы, «Астана Балет» театрының жетекші солисі:

- «Астана Балет» театрында істеп жүргеніме 5 жылдан асты. Мен Мехмене Бануды ойнаймын. Кейіпкер әйел адам өз сұлулығын өз сіңлісіне береді.

Мерей Қалиасқар, тілші:

- Бұл жерде арнайы тігілген 207 костюм сақтаулы. Спектакль киімдерін тігуге мәскеулік суретшілер 3 ай жұмсапты.

Өнер - адамның рухани азығы. Сондықтан елімізде өнер ордаларына ерекше мән беріледі. 2012 жылы бас шаһарда «Астана Балет» театры ашылды. Мұндай көздің жауын алатын нысандар әлемде аз. Сол себепті де қала тұрғындарымен қатар, шет мемлекеттің азаматтары арнайы «Астана Балет» театрын өз көзімен көруге келеді. Айрықша ғимараттың атмосферасы арқылы киелі орда қаланың көркіне һәм мақтанышына айналды. Ал шығармашылық ұжымның диапазонын кеңейту бағытында шетелден білікті мамандар келіп тәжірибелерімен бөлісіп тұрады. Жыл сайынғы премьералардың көптігі, республика шеңберінде және шетелдерге гастрольдік сапарлар «Астана Балет» театрының беделін айғақтаса керек.

Мерей Қалиасқар, тілші:

- «Махаббат туралы аңыз» – ғасырлар қойнауынан жеткен ертегі. Ариф Меликовтің музыкасына қойылған 3 көріністі балет «Астана Балет» театрында алғаш сахналанбақ және оған 75 әртіс жұмылдырылған. Қала күніне орайластырылған спектакльді елордалықтар 3,5,6 шілде күні тамашалай алады.

Авторлары: Мерей Қалиасқар, Әліби Ерел