Хабар телеарнасы

Алматылық бейбіт күннің батырына «Айбын» ордені берілді

Ауруханада жатқан полковникті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы Кәрім Мәсімов арнайы келіп құттықтады. Естеріңізге сала кетейік, Сергей Смицких 19 маусымда әскери оқу-жаттығу кезінде болған оқыс оқиғаға тап болған жас сарбаз Данияр Өнербаевтың өмірін ажалдан арашалап қалған еді.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің орталық ауруханасында полковник Сергей Смицких пен жас сарбаз Данияр Өскенбаевтың емделіп жатқанына екі жеті болды. Қазір денсаулықтары жақсы. Алайда оқу-жаттығу кезінде болған оқыс оқиғадан екеуі де түрлі дене жарақатын алды. Шекарашы офицер әскери қызметі барысында 2 мыңнан астам сарбазға ұрыста қолданылатын гранатаны оқпанадан лақтыруды үйреткен. Тәжірибесі мол офицер бұл оқиға ойламаған сәтте болғанын айтады.

Сергей Смицких, бірінші дәрежелі «Айбын» орденінің иегері:

- Қауіп-қатер төнген сәтте шұғыл шешім қабылдадым. Құдай сақтап жанымыз аман қалды. Осындай жоғары дәрежелі марапат алып жатқаныма қуыныштымын. Әрекетімді ерлік пен қаһармандық деп таныған басшылық пен Қазақстан Президентіне алғысым шексіз.

Ал шекара қызметінің 2027 әскери бөлімінің сарбазы Данияр Өнербаев әскер қатырана биыл наурыз айында алынды. Оқу-жаттығу барысында оқыс жағдайдың болатындығын ешкім болжаған жоқ. Қолынан жарылғыш затты абайсызда түсіріп алып, абдырап қалған. «Сол мезетте жанымда тұрған офицердің шапшаңдығы болмағанда ажал құшар ек», – дейді ол.

Данияр Өнербаев, ҚР ҰҚК 2027 әскери бөлімінің сарбазы:

- Ол кісіге алғысым шексіз. Ата-анам да уайымдап, жылап, осы жаққа келгісі келді. «Келмей-ақ қойыңдар», – дедім. Мұнда ағам бар. Ал қазір жағдайым жақсы, жүре аламын.

Шекарашы офицерді маратапаттауға арнайы келген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Сергей Смицкихтің ерлігі ерен екенін айтып, кеудесіне «Айбын» орденін тақты. Жас сарбаз Данияр Қайсарұлының жағдайын сұрап, тез арада сауығып кетуін тіледі.

Авторлары: Алмас Садуақас, Қанат Қаматаев