01:00Эфирде: ҚР Әнұраны
05:00Әрі қарай: ҚР Әнұраны
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

БҚО-да 40 елді мекенге таза су тартылады

  • Категория: Сюжеттер
БҚО-да 40 елді мекенге таза су тартылады

Тұрғындарды ауызсумен қамту жөнінен БҚО аймақтар арасында көш соңында.

Егер елдің өзге өңірлерінде тұрғындардың 60% жуығы орталықтандырылған су құбырын пайдаланса, БҚО-да бұл көрсеткіш 45% қана. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы жылдары аймақта ауқымды істер атқарылды. Президенттің тапсырмасына сәйкес бұл жұмыстар жалғасын табады.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Соңғы 2 жылда БҚО-да 110 елді мекенге таза су тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар бір сәт те саябырсымақ емес. Өйткені өңірдегі елді мекендердің тек 45% ғана орталықтандырылған су құбырына қосылған. Ал өткен айдағы облысқа сапары кезіндегі Мемлекет басшысының жүктеген міндеті, берген тапырмасы – бұл көрсеткішті 80% жеткізу.

Облыста 40 елді мекенді ауызсумен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Соның бірі – Бәйтерек ауданына қарасты Трекин ауылы. 4 мыңға жуық тұрғыны бар ауыл халқы бұрын суды скважина соқтырып, тереңнен тартатын. Жерасты суы төмендеп кетуіне байланысты түрлі қиындықтар да кездесетін. Енді мөлдір су әр үйдің ауласына кіргізілмек.

Шапай Хасанов, Трекин ауылының тұрғыны:

- Аулаға дейін әкелсе, әрі қарай өзіміз жалғап аламыз. Сол үйге келетін суға жете алмай жүрміз ғой. Келсе қуаныштымыз. Су – адамның бірінші байлығы.

Сәбит Сатқанов, Трекин ауылдық округінің әкімі:

- Трекиннің өзінде 940 үйге биылғы жылы су тартылады. Бұрын суды жерден өздері құдық қазып, әр үй сол суды пайдаланып отырды. Соңғы кезде мына Жайық өзенінің суы келмеуіне байланысты кейбір үйлерде су тартылып кетіп жатыр. Сол себептен халыққа мына биылғы су өте жақсы болады деп ойлаймын.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Бәйтерек ауданында 4 ауылға ауызсу тартылып жатса, жуырда тағы 3 елді мекенде су құбырының құрылысы басталмақ. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,1 млрд теңге қаралған.

Мұрат Залмұқанов, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары:

- Енді барлығы 68 елді мекен болса, соның 30-ында орталық су құбыры өткізілді. Қалғандарына жоспарымыз бар. Биыл тағы 7 елді мекенге жобамызды дайындап жатырмыз.

«Ауру астан» дейді дана халқымыз. Сапалы су – денсаулық кепілі. Бұл орайда өңір халқын таза тіршілік нәрімен қамту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасының мезгілінде орындалуының маңызы ерекше.

Авторлары: Ерденбек Жылқайдарұлы, Руслан Ғазезов

Сондай-ақ...