Хабар телеарнасы

Арыс қаласынан 5700-ден аса снаряд табылды

Осы жұмыстарды қазіргі уақытта ҚР Қорғаныс министрлігі саперлік бөлімшесінің 408 маманы атқарып жатыр.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

- Біз жарылыс болған әскери бөлімге жақын маңда тұрмыз. Одан әрі жақындау әзірге мүмкін емес. Өйткені ол жерде әскери қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Енді бұл маң жарылысқа жақын болғандықтан, үйдің барлығы дерлік бүлінген деуге болады. Шатырлары бүлінген, терезелері қираған.

Жарылыстың қатты болғаны сонша, шаһардағы үйлердің 80% зақымдалған. Сондықтан қазір қаланың келбетін келісті деп айта алмаймыз. Иә, ол күні баспана емес, бас қана уайым болғаны анық.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

- Ақынбеков көшесі №34 үйдің қазіргі ахуалы мынадай. Үй егесінің айтуынша шатырдан кірген снаряд қабырғаларды тесіп өтіп, әрмен қарай жерге кіріп кеткен. Үй егесі мұндағы снарядтың қауіпті немесе қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін әскери адамдарға хабар берген. Олар алдағы уақытта келіп, дәл осы жерді тексеретін болды.

Ғалымжан Әріповтың айтуынша, ол күнді еске алудың өзі қорқынышты. Өйткені көз алдында бала жылап, үйі қирап түскен.

Ғалымжан Әріпов, Арыс қаласының тұрғыны:

- Кәдімгі дүрс еткен қатты дауыс шықты. Үй дірілдеді. Мен өзім жарылыс болғаннан 4 метр қашықтықта тұрдым, снаряд қабырғаны тесіп өтті.

Сәкен Сейітханұлы, тілші:

- Әскери қызметкерлер әр үйдің ауласына кіріп, тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың айтуынша әлі де снарядтың қалдықтары кездесіп жатыр. Мәселен, мына үйге снаряд түскен. Содан кейін жарылып кеткен, артынан өртенген. Мұның ішіне кіруге болмайды. «Әлі де қауіпті», – деп жатыр мамандар.

Жарылыстың салдарын жою үшін қазір еліміздің барлық өңірі жұмылды. Әр облыс көмек қолын созып, қаланы тазартуға үлес қосып жатыр.

Еркебұлан Дауылбаев, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Қазір бұл жерде саперлер жұмыс жасап өткеннен кейін, артынан тазалау жұмыстарына біздің СЭС барды. Жамбыл облысынан келген СЭС пен обаға қарсы стансаның қызметкерлері келді. Олар арнайы көлікпен кіріп кетті. Қалған жерлердің барлығын дерлік залалсыздандырып шығады.

Одан кейін арнайы мамандар қираған үйлерді анықтап, көмектің мөлшерін есептейді. Сәйкесінше құрылыс жұмыстары басталады. Мұндағы мақсат біреу – қаланы бір айдың көлемінде қалпына келтіру. Оған мүмкіндік бар.

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Әліби Жүніс