Хабар телеарнасы

Арыс қаласында барлық орган қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде

Жиын барысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тиісті ведомство басшыларына нақты тапсырмалар беріп, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуді міндеттеді.

Төтенше жағдай жарияланған Арыста барлық орган қызметкері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуде. Апат салдарынан 165 адам медициналық көмекке жүгініпті. «Жарақат алғандардың дені Шымкент қаласындағы ауруханалар мен Түркістан облысының аудан орталықтарында ем алу үстінде», – дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жан сақтау бөлімдерінде 15 науқас политравма диагноздарымен ем қабылдауда. Медициналық көмек көрсету үшін жалпы 22 жедел медициналық бригада жұмылдырылған. 4 бригада Жамбыл облысынан жіберілді. Қазір қосымша 12 бригада және 2 санитарлық тікұшақ дайын отыр. Жалпы Алматы қаласынан көмек көрсету үшін 2 мультидисциплинарлық команда жіберілді. Олардың арасына реаниматологтар, травматологтар, балалар нейрохирургтары бар. Олар көмек көрсетіп, операция жасады. Қазіргі күні реанимацияда 2 бала бар. Оларға қажетті көмек көрсетілген.

Арыс қаласында болған өрттен 19 тұрғын үй мен 9 ғимарат қираған. Жарылған снарядтар дүмпуінің күштілігі соншалық, шаһардағы 60-70% үйдің терезерелі шытынаған. Оқ-дәрілер сақталған қойманың өртке орану себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Материалдық залалдар туралы деректер комиссияның материалдық залалды бағалау және өтеу жөніндегі сауалнамасының негізінде анықталады. Комиссия жұмысы ҚР Қорғаныс министрлігінің саперлік жұмысы аяқталғаннан кейін басталады. Әкімдік тарапынан өтініш беріліп, тиісті есептеулер жасалғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарына мемлекеттік резервтен құрылыс материалдары бөлінеді.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин: «Арыс қаласы қысқа мерзімде қалпына келтіріледі», – деді. Ол үшін Үкімет тарапынан қажетті шаралар шұғыл түрде атқарылатын болады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша үкіметтік комиссия Арыс қаласындағы тұрғын үйлерге әлеуметтік және тіршіліктік қамтамасыз ету нысандарына келтірілген залалды анықтап, жұмыстың қорытындысы бойынша қажетті шешімдер қабылдап, қала қысқа мерзімде қалпына келтіріледі. Үкімет тарапынан қажетті шаралар шұғыл атқарылатын болады. Осы ретте Nur Otan партиясының Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында қаражат жинау бастамасын қолдауға шақырамын.

Жалпы Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімде негізінен келісімшарт бойынша қызмет ететіндер мен офицерлер жұмыс істейді екен. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Мұрат Бектановтың айтуынша, қазір оқиға болған жерде 500 сапер, 50 бірлік техника оқ-дәрілерді залалсыздандыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Тағы қосымша 1800 адам снарядтардың қайда ұшқандығын анықтап, оларды залалсыздандыру мен апат салдарын жою үшін жұмылдырылған.

Мұрат Бектанов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:

- Қоймалардың кейбірі елді мекеннен 200 метр жерде орналасқан. Бірақ біздің тәртіп бойынша олар қауіпсіз деген 3 шақырым қашықтықта болуы тиіс. Біз оны 10 шақырымға дейін алыстату жөнінде бірнеше рет өтініш берген едік. Ол үшін тұрғындарды басқа жаққа көшіру керек, оның үстіне 800 метр жерде теміржол рельстері жатыр. Сол себепті бұл қойманы көшіру туралы шешім қабылдадық. Біз 2005 жылдан бері оқ-дәрілерді басқа қоймаларға тасымалдауды бастағанбыз. Алайда қаржыландырудың әлсіздігіне байланысты барлығын тасып үлгермедік.

Риат Шони, тілші:

- Қазір Арыс қаласына кіре берісте 3 бекет орнатылған. ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша жарылмаған снарядтар бар. Қауіпсіздік мақсатында шаһарға ешкімді кіргізбей отыр.

Авторлары: Риат Шони, Әлібек Әлиев, Арман Ақшабаев