Хабар телеарнасы

Арыста эвакуацияланған балалардың барлығы ата-анасымен қауышты

Әңгіме 945 балаға қатысты. Олардың басым бөлігі балабақша тәрбиеленушілері болған. Арасында көшеде жүрген жерінен өзге ересектермен бірге қауіпсіз орынға шыққандары да бар. Кейін олардың суреттері Түркістан облысы әкімдігінің ресми сайтында жарияланып, ата-анасы мен жақындарына іздеу салынған болатын. ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша шұғыл әрекет ету мақсатында «Бала қорғау» және «Арыста жоғалған балалар» Telegram тобы да құрылды.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Алғашында 200 бала жоғалды деген мәлімет тарады. Құтқарушылар балабақша тәрбиеленушілерін эвакуациялаған соң бәрін ата-анасы немесе туыстарына табыстады. Қазір жоғалған балалар жоқ.

Арыстағы ағайынның балалары жазғы лагерьлерде демалады. Қазірдің өзінде Шығыс Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстары кемінде 100 баладан жазғы лагерьге қабылдауға әзір екендіктерін мәлімдеді. Онда ерікті түрде жұмыс істеуге дайын студенттер де бар. Ал Еуразия ұлттық университеті Арыс оқушыларына жазғы білім беру лагерін ашты. Алғаш болып 9-11 сыныптың 25 оқушысы оқу орнының студенттер үйіне орналастырылады. Олардың жататын орны мен тамағы тегін. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеткіншектерге түске дейін арнайы білім беру қарастырылған. Яғни болашақ мамандықтарына бағыттап, ұстаздар дәріс береді. Сондай-ақ балалар мәдени орындарға саяхаттап, эстрада жұлдыздарымен кездеседі.