Хабар телеарнасы

Дариға Назарбаева депутаттар сауалына атүсті жауап беретін мекемелерге ескерту жасады

Шарт – ядролық қаруға заңдық тұрғыда тыйым салатын тарихтағы алғашқы халықаралық құжат. Келісім ядролық қару немесе ядролық жарылғыш құрылғыны өндіруге, сынап-сақтауға, өз аумағында орналастыруға тыйым салады.

Сенаторлар сондай-ақ қаржы нарығы мен микроқаржылық қызметті реттеу және салық мәселелеріне қатысты заң жобасын қабылдады. Бұған дейін Ұлттық банк ломбард, шағын кредиттік ұйымдар мен онлайн несие беру саласын қадағалай алмайтын. Қабылданған заң негізінде жаңадан құрылатын агенттік осы жұмысты реттемек. Бақылаусыз болғандықтан, онлайн несие бойынша пайыздық үстемақыны 700% дейін жеткізгендер де болған. Ал заң бойынша 100% аспауы тиіс.

Асқар Бейсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгінде 63,2 млрд теңге онлайн несие берілген, 400 мың адам осындай қарыз алған. Осы саланы реттеу тетігі болмағандықтан, әлеуметтік тәуекелдер туындап отыр. Ол несиені халық мерзімінде өтеп үлгермесе, негізгі қарыз сомасынан бірнеше есеге көп төлеуі тиіс. Халықты қанауға жол бермеу үшін мемлекеттік реттеу болуы қажет.

Ғұмар Дүйсенбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Заңды қабылдамас бұрын 10 кодекс пен 61 заңға өзгеріс енгізілді. Құжаттың мақсаты – қаржы нарығын сапалы реттеу. Соңғы кезде кей банктер лицензиясынан айырылды, енді жаңа агенттік екінші деңгейлі банктердің қызметін де қадағалайды. Халықтың проблемасына айналған онлайн несиелеу де қатаң бақылауға алынады.

Депутаттық сауал әдеттегіден көп болды. Солардың бірі лотереяларға қатысты болды. Депутат Бірғаным Әйтімованың келтірген дерегі бойынша, әлемде жыл сайын 250 млрд долларға лотерея билеттері сатылады екен. Америкада бірқатар әйгілі оқу орны, Лондонда Британ мұражайы осы ойыннан түскен қаражатқа салынған. Біздің елімізде заң бойынша лотерея операторы жалпы түсімнен 10% спортты дамытуға жұмсауы тиіс. Бірақ оны іске асыру тәртібі белгіленбеген. Сондықтан сенатор бұл аударымдар қайда кетіп жатқандығын білу үшін сауалын Премьер-Министрге жолдады.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Лотерея қызметі саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу, оны дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы және лотереядан міндетті аударымдар бойынша заң нормаларын іске асыру жайында толық ақпарат беруіңізді сұраймын.

Ұзын саны 16 депутаттық сауал жолданды. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева: «Министрліктерге, өзге де мемлекеттік бағдарламаларға жауапты органдар сауалдарға толыққанды жауап беруі тиіс», – деді.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Сұрақтарымызға «әлі талқыланып жатыр, әлі қаралуда, әлі жұмыс жүргізіліп жатыр» деген жауаптар келеді. Мұндай жауаптар саналмайды. Бұл – жай сөздер. Осындай жауаптар келсе, тағы да жақсылап тексеру керек, керек болса комитеттің отырысына не парламенттік тыңдауға да шақырасыздар.