Хабар телеарнасы

Дәурен Абаев жастар туралы декларацияға қол қойды

БҰҰ қамқорлығымен өткен форумда әр мемлекет жастарға қандай қолдау бере алатынын талқылады. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш қазіргі саясаткерлер ауа райының өзгеруі секілді бірқатар өзекті мәселенің тиісті шешімін таппай отырғанын мойындады. Сол себептен түйткілді мәселелердің түйінін тарқату жастардың құзырында екендігін қаперге салды.

Лиссабондағы Альтис-Аренада әлемдегі жүз мемлекеттің министрлері бас қосты. Олар – өз еліндегі жастарға қатысты саясатқа жауапты тұлғалар. Әлемнің әр қиырында орналасқанымен, гүлденген Скандинавия және дамушы Африкадағы жас буынды тақылеттес мәселелер толғандырып отыр. Бұл – сапалы білім мен медицинаның қолжетімдігі және лайықты жұмыс табу.

Телма Тешейра, студент:

- Жұмыс табу жастар үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Кейбір салаларда мамандардың біліктілігіне қойылған талаптар өскен. Жастарға осындай шарттарды орындап, еңбек нарығында өз орнын табу тіптен қиындап кетті.

БҰҰ-ның мәліметінше, әлем жастарының 30% астамы жұмыссыз. Осы тұрғыда Қазақстандағы жағдай көңіл көншітеді. Жастар орта білімді тегін алады. Университеттерде оқуға ондаған мың грант бөлінеді. Баспана алу мен өз кәсібін ашуға тиісті жеңілдіктер қарастырылған.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Мемлекет дарынды жастардың шетелде білім алуын қаржыландырады. Әлемнің озық университеттерінде біздің 13 мыңнан астам студентіміз білім нәрімен сусындады. Сонымен қатар цифрлы технологиялардың дамуы мен жаһан экономикасында болып жатқан тың өзгерістерге байланысты жастар саясатын да өзгерту қажеттігін түсінеміз. Осы мақсатта Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл Қазақстанда Жастар жылын жариялаған.

Соңғы рет жастарға арналған жаһандық декларация 1998 жылы қабылданған болатын. Осы уақыт аралығында әлем өзгергендіктен, жастар ортасына да жаңашылдық енгізу қажет. Ауа райының жылынуына қарсы күрес, цифрлы революция сынды салаларда жастар белсенді болғанымен, нақты саясаттан алшақ болып отыр. Конференцияға қатысушылар осы жағдайды өзгертуге ниетті екендіктерін жеткізді.

Марселу Ребелу Ди Соза, Португалия Президенті:

- Тірі болсам, 2040 жылы өтетін келесі конференцияға қатысып, толайым табысқа қол жеткізген жастардың жүздерін көргім келеді. Бүкіл адамзаттың болашағы – жастар.

Конференция нәтижесі бойынша «Лиссабон-21» декларациясы қабылданды. Онда министрлер жаһандық және жергілікті мәселелерді шешуге жастарды барынша тартуға міндеттеме алған.

Авторы: Әлия Сыздықова