Хабар телеарнасы

Мемлекет этникалық қазақтарға заң жүзінде қолдау көрсететін болады

Аталған заң Тұңғыш Президент бастаған әлем қазақтарының атамекенге нұрлы көшін көлікті қылатын құжат болғалы тұр. Бұл негізін Нұрсұлтан Назарбаев салған жаһандық гуманитарлық жобалардың бірі ғана.

Бұл кадрлар 90-шы жылдары төрткүл дүниеге тарап бойында қазақ қаны бар талай жанды тебірентіп, «атамекенге кеттік» деп жүк бууына себеп болды. Егемендікке қол жеткен күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақтың бұл дүниеде бір ғана Отаны бар, ол – тәуелсіз Қазақстан», – деп ұран тастап, нұрлы көшке жол салған-ды. Бұл – жас мемлекеттің жаңа басшысымен тарихын түгендеуге кіріскен күндері. Содан бері атамекеніне миллионнан астам қаракөз оралды.

Тарыдай шашылған қазақты бір шаңыраққа біріктіргеннен кейін, ел ішіндегі жүзден астам ұлтты ұйытуға келесі қадам жасалды. Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Бүгін әлем татулықтың қазақстандық формуласы деп мойындаған институт түрге, тілге, дінге бөлінбей, бір мақсатқа бірігудің үлгісін ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйтқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Көп этносты еліміздің басын біріктіретін, әрқайсысының пікірін тыңдайтын үлкен мінбе болып саналады.

Ал жас мемлекетпен алыптар санасуы үшін батыл қадамдар жасау керек еді. Ә дегенде Нұрсұлтан Назарбаев, әлемге: «Біз барлық мемлекетпен доспыз», – деп көп векторлы саясат ұстанатынын сөзімен де, ісімен де дәлелдеді. Ел ішін ыңғайлап алып, қазақ басшысы әлемдегі ұлттар мен ұлыстарды бірлікке шақыруды көздеді. Осылайша бұрын-соңды бітімге келмек түгілі, бір дастархан басына отырмаған дін лидерлері Қазақстан астанасында бас қосты.

Елдің қамымен шектелмей, қазақ басшысы адамзат проблемаларын шешуге құлаш сермейді. Нұрсұлтан Назарбаевқа К.Аннан, Д.Буш, М.Тэтчер, Ц.Цземинь, Н.Манделла сынды сақа саясаткерлер қолдау білдірді.

Ли Куан Ю сөз шығындамайтын қайраткер еді. Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты айтқаны да тура келді. Елдің экономикасын аяғынан тұрғызып, Тұңғыш Президент көрші елдердің нарығына шығуды көздейді. «ЕАЭО құрайық», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге. Тағы табандылық танытып, араға 20 жыл салып, ақыры одақ құрылды. Ұйымның бесжылдығында бес мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті төраға» деген мәртебе беріп, еңбегін еледі. Қазақ басшысы көршілердің тату болуына әрдайым ұйытқы болып жүреді. Абыройының арқасында 80 жылға жуық сөз болмаған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келісім жасайық деп шекаралас елдерге ұсыныс тастады. Ұзақ жылдарға созылған аса күрделі келіссөздер жүрді. Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылығының арқасында теңізді жағалай қоныстанған елдердің басшылары өзара ымыраға келді. Саясаттағы ақсақалдың сөзін жерге тастамай, бес Президент Ақтауда жиналып, ұзақ жылдар шешілмей келген мәселенің түйінін тарқатты. Бесеудің келісімінде еліміз 30% ұтыспен шыққаны – Нұрсұлтан Назарбаевқа келер ұрпақтың алғыс айтуына себеп боларлық іс.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- Мұхитқа апарар теңізі болмаса да, Қазақстан басшысы қиыннан қиыстырып жол таба білді. Өркениетке жақындау үшін «Болашақ» деп президенттік грант жариялап, кеше ауылда жүрген қазақ баласын әлемнің үздік университетіне оқуға жіберді. Саясаткерлер Нұрсұлтан Назарбаевқа бір адам түгілі, тұтас дәуірдің қолынан келмейтін үлкен істер бағынғанын айтады. Елбасы бастаған Қазақстанның ендігі бір арманы бар. Ол – Арал. Адамзат бұрын-соңды теңіздің кеуіп кетуін көрген емес. Ал оны сақтап қалу қазақтың қолынан келсе, алғысын күллі адамзат берері хақ.