Хабар телеарнасы

Түркістан облысын дамыту үшін алдағы бес жылға 1,2 трлн теңге бөлінді

Ал облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлінді.

Бұл туралы Түркістан облысының 1 жылдығына орай өткен алқалы жиында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев баяндады. Облыс әкімінің айтуынша, аймақтағы туризмді дамыту үшін экологиялық, тарихи-мәдени және танымдық бағытта 57 туристік маршрут әзірленген.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев былтыр 19 маусымда «Түркістан облысын құру туралы» Жарлыққа қол қойған. Облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекітті. Төрткүл дүние көз тіккен Түркістанда бір жылда қандай іс атқарылды? Қандай жобалар жүзеге асты? Көзге көрініп, қолға ұсталатындары бар ма? Ендеше бір жылға кейін шегінейік. Мәселен, былтыр шаһардағы жолдардың 25% ғана қанағаттанарлық болса, биыл бұл көрсеткіш 35% жеткен. Жыл соңына дейін 50% межелеп отыр. Қазір қаладағы 80 көшеде 100 шақырым жол жөнделуде. Дәл бүгінгі күні облыстағы 385 ауыл газбен қамтылған. Қазір 58 нысан салынуда. Жыл соңына дейін тағы 27 елді мекен көгілдір отынмен қамтылмақ.

Нұрақын Шарипов, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Қазірден бастап айта берсек болады. Түркістан облысы бойынша қамтылу көрсеткішін 412-ге жеткіземіз. Жыл қорытындысымен ол 47% болады. Тұрғындар 57% құрайтын болады. 2021 жылға дейін тағы да 90 елді мекенді газдандыруды жоспарлап отырмыз.

Түркістан облыс орталығы болғандықтан, жаңа әкімшілік іскерлік орталығы мен мәдени-рухани аймақ бой көтеріп жатыр. Мұнда 27 нысан салынуда. Оларды ұлттық компаниялар мен еліміздің өзге облыстары салып, Түркістанға тарту етеді. Аталған нысандардың 11-і биыл, қалғаны келесі жылы пайдалануға беріледі. Қазір шаһарда әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы есебінен 47, ал бюджет қаражатынан 64 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Осы айдың соңында 660, ал шілде айында 300 пәтер тапсырылады. Жыл соңына дейін 2 мың баспана берілуі тиіс.

Қосман Айтмұхамбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Түркістан облысы бойынша 194 нысан салынып жатыр. Соның 100-і биыл пайдалануға беріледі. Қалған 94-ін келесі жылы бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бірақ онымен тоқтап қалмаймыз. 200 нысанның жобалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Ол 2024 жылға дейін жүзеге асырылады.

Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай баспасөз жиынын өткізіп, журналистердің алдында есеп берген өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев халықаралық талаптарға сай келетін «Қасқасу» туристік тау-шаңғы кешені салынатынын жеткізді. Жобаның бірінші кезеңінде жылына 45-тен 110 мыңға дейін турист қабылдауға болады. Құрылысқа 1900 адам тартылады. Ал жоба іске қосылғанда 400 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ әкім Түркістанға туристерді тарту мақсатында шаһарда орта ғасырдағы Бұхара, Хиуа қалалары сияқты қолөнер, сауда, зияратшылар қалашығы салынатынын айтты.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Жоба жоспарын америкалық компанияға тапсырдық. Қазір олар дайындап жатыр. Жақын арада көпшілікке көрсетіп, инвесторлар тартуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар облыс орталығын азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мақсатында Түркістан қаласы аймағында радиусы 15 шақырымды құрайтын азық-түлік және жасыл белдеу қалыптастыру жобасы басталды. Ғалымдардың атсалысуымен «ақылды» технологияларды қолдана отырып 2 кезең бойынша жүзеге асады.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

- Жаңа технологияны пайдаланатын, тамшылатып, жаңбырлатып суғаратын, мал бордақылайытын, сондай-ақ сүт, құс етін, жұмыртқа өндіретін, қарқынды бау сияқты азық-түлік белдеуін жасаймыз. Күзде мың гектар жерде бірінші бөлігі іске қосылады. Әрі қарай жалғаса береді.

Аймақ басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолданып, халықты жұмыспен қамту мақсатында құны 89 млрд теңгенің 480 жобасы қолға алынды. Сонымен қатар соңғы 1 айда Үкіметтің қолдауымен Түркістан қаласын дамытуға және облыстың келешегін қалыптастыруға бағытталған бір заң мен 5 қаулы қабылданды. Ал облысты дамытудың 2024 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық бас жоспарына сай алдағы 5 жылға 1 трлн 236 млрд теңге бөлініп отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш