Хабар телеарнасы

Алдағы 3-4 жылда барлық елді мекен сапалы ауызсумен қамтылады

Мысалы Қарабалық ауданындағы ауылдардың 70% әлі күнге тіршілік нәріне зәру. Мемлекет басшысы ауызсу мәселесін 2023 жылға дейін толық шешуді тапсырған болатын.

Аманкелді Нуркин – Қарабалық ауданындағы Надеждин ауылының байырғы тұрғыны. «Ес білгелі тасымал суды тұтынып келеміз», – дейді ол. Ақылы ауызсудың әр текше метрі 500 теңге тұрады. Бақша суаруға қажетті техникалық суды да сатып алады.

Аманкелді Нуркин, Надеждин ауылының тұрғыны:

- Суды тасып ішіп жатырмыз. Қыстыгүні өте қиын. Өйткені жолдар бөгеліп қалғанда, 3-4 күнге дейін су болмайды. Енді су тартылайын деп жатыр дейді. Қазып жатыр. Су келсе, халықтың тұрмысы жақсарады. Көбірек мал ұстаймыз.

Шынымен қазіргі кезде Қарабалық ауданындағы Надеждин, Бөрлі, Рыбкин ауылдарына су құбыры тартылып жатыр. Екі жылға есептелген жоба келер жылдың шілде айында толық аяқталмақ. Одан кейін ірі елді мекендер Боскөл мен Станционный селосын орталықтандырылған су жүйесіне қосу жоспарланған.

Нұржан Өтегенов, Қарабалық ауданының әкімі:

- Оның сыртында шағын елді мекендерді ауызсумен қамту да бар. Президенттің «2023 жылға дейін 100% барлық елді мекен, ірі-кіші көлеміне қарамай орталықтандырылған сумен қамтылсын» деген тапсырмасы бар, соны орындау үшін жол картасын әзірлеп жатырмыз. 2-3 жылда толық жүзеге асыру мақсаты біздің алдымызда тұр.

Ал облыс бойынша алдағы 2 жылда 6 елді мекенге жаңадан құбыр тартылып, 8 ауылдың су жүйесі қалпына келтіріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 8,6 млрд теңге қаралған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг