Хабар телеарнасы

Отандық ғалымдар Еуропалық ядролық зерттеулер ұйым жобаларына қатысады

Бір жыл бұрын Женевада қазақстандық делегаттардың ұйымға сапары кезінде қол қойылған құжат қалыптасқан ғылыми байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ отандық ғалымдар, инженерлер мен техникалық мамандардың еуропалық ұйымның ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуына да мүмкіндік туып отыр. Студенттер арнайы қондырғыларда жұмыс істеп, тағылымдамадан өте алады. Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым – қарапайым бөлшектер физикасын зерттейтін әлемдегі жетекші ұйым. Оның жобаларына әлемнің 113 елінің 580 университетінен ғалымдар тартылған.

Әбдіманап Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазірдің өзінде CERN зерттеу мекемесінде біздің ғалымдар 3 докторлық диссертация қорғап жатыр. Онда ынтымақтастықтың тағы да қандай бағыттарын дамыту болжанып отыр?

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Біз жол картасын ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге бекіттік. Соған сәйкес CERN зерттеу мекемесімен ынтымақтастық шеңберінде қазақстандық ғалымдар жоғары энергия мен элементарлық бөлшектер физикасы саласында зерттеулер жүргізетін болады. Бұл эксперименттер Қазақстан үшін өте маңызды болып отыр.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң қабылданса, елімізде «бір үй – пәтер иелерінің бір бірлестігі – бір шот» қағидаты бойынша тұрғын үй қорын басқарудың жаңа моделі енгізілмек. Көппәтерлі тұрғын үйлер тіркеуге алынып, сәйкестендіру құжаттары әзірленеді.