Хабар телеарнасы

АҚШ заңсыз мигранттарды жаппай кері қайтарады

Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп Twitter парақшасында мәлімдеді. Алдын ала есеп бойынша, қазір АҚШ-та 12 млн-нан астам заңсыз мигрант бар. Дені – Мексика мен Орталық Америка елдерінің азаматтары. Бұған дейін АҚШ Президенті Мексика, Орталық Америка елдерінен заңсыз өтіп жатқандар көшін тоқтатпаса, осы елден келетін тауарларға баж салығын енгізетінін мәлімдеген. Алайда Мехико мен Вашингтон уағдаластыққа келіп, Латын Америка елі АҚШ-тан пана сұраған 50 мың адамды уақытша орналастыруға келісті.

Ал Еуропада экономикалық дағдарыс күшейе түсті. Италияның сәуір айындағы мемлекеттік қарызы 2,4 трлн еуро болып, тарихи максимумға жетті. Мұны елдің орталық банкі мәлімдеді. Биыл наурыз айымен салыстырғанда тәуелсіз қарыз өсімі 14,8 млрд еуро болған. Қазір Италияның мемлекеттік қарызы – Еуроодақтағы ең жоғарылардың бірі. Елдің сыртқы борышы адам басына шаққанда 39 мың еуроны құрайды. Сондай-ақ елдің ЖІӨ өсімі төмендеп, барлық саладағы экономикалық көрсеткіш нашарлаған. Еурокомиссия шұғыл түрде қаржылық жүйені тұрақтандыруды талап етіп отыр.

Еуроодаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлері Орталық Азия аймағы бойынша жаңа стратегияны бекітті. Онда Қазақстан мен аймақтағы өзге елдердің ұсыныстары ескерілген. Құжат келесі айда Бішкекте өтетін министрлік кездесуде таныстырылады. Айта кетейік, жаңа стратегияның маңызды екі қыры бар. Біріншіден, реформалар жүргізу арқылы даму тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша серіктестік. Екіншіден, экономикалық жаңғырту және жастарға қолдау көрсету арқылы аймақты гүлдендіру. Сонымен қатар ЕО өңірдегі елдермен өзара тиімді келісімдер жасасуға ниет білдіріп отыр.