Хабар телеарнасы

1 маусымнан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 30% көтерілді

Адам капиталын дамыту саясаты жалғасады. Ол үшін не істеу қажет?

Бұл бағытта ең алдымен жаппай білім беруді қолдау керек. «Сонымен қатар барлық тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсету қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Риат Шони, тілші:

- Бұл мәселелер бойынша тұтас бағыт-бағдар бар екенін де Мемлекет басшысы тілге тиек етті. Ол – мұғалімдердің және дәрігерлердің мәртебесін көтеретін жаңа заңдар қабылдау, құқықтарын қорғап, материалдық жағдайын жақсарту үшін тиісті жағдай жасау. 1 маусымнан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 30%, шамамен 400 мыңға жуық адамның айлығы өсті. Енді жоғары санатты қызметкер бұрынғыдай айына 122 516 теңге емес, 159 271 теңге табыс табатын болды.

Аймақтарда денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту керек. Ол үшін министрліктің мәліметінше, 2025 жылға дейін 1 трлн теңге инвестиция қажет. Бұл қаржының дені тозығы жеткен 60 медициналық мекеменің орнына салынатын 17 ірі көпбейінді ауруxананың құрылысына жұмсалады.

Тағы бір жаңашылдық, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі келер жылы 1 қаңтардан іске қосылады. Ал арнайы қорға қазақстандықтар аударған қаржы көлемі 176,7 млрд теңгеге жетіпті. Ол 2020 жылдан бастап медициналық қызметтің ақысын төлеуге жіберіледі.

Жалпы қазір елде жекелеген медициналық көмекті алу үшін халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтардың 8 санаты бекітілген. Ал келер жылы бұл тізім 15-ке дейін кеңейтіліп, олар мемлекет тарапынан сақтандырылатын болады. Мұның арқасында осы азаматтарға бірқатар қызмет қолжетімді бола түседі. Оның ішінде қымбат диагностикалық қызметтерді қаржыландыру 3 есе, стоматологиялық қызметтерді қаржыландыру 2,3 есеге өспек.

Енді келер жылдан бастап сапалы медициналық қызметке қол жеткізу әрбір қазақстандық үшін жеңілдей түспек.