Хабар телеарнасы

Елімізде өткен митингтер барысында 300-ден астам полиция қызметкері түрлі жарақат алды

Бұл акцияларға ресми рұқсат берілмегендіктен, қатысушыларға прокуратура қызметкерлері бейбіт митингілер мен шерулер өткізу тәртібі туралы заң ережелерін түсіндіріп, жауапкершілік туралы айтқан. Кей адамдар әкімдіктер мен құзырлы орган өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, өзге азаматтардың тыныштығы мен өміріне, денсаулығына қауіп төндірді, құқықтық тәртіпті қорғаған полиция қызметкерлеріне қарсы келді. «Осыған байланысты полицияның және Ұлттық ұланның күшімен қоғамдық тыныштық пен азаматтарды қорғауға бағытталған шаралар қабылданды», – дейді ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

ҚР Ішкі істер Министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, 5 күн ішінде 4 мыңға жуық адам ұсталған. 3 мыңына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, босатылды. Ал 677 адам сот арқылы әкімшілік қамауға алынды. Тағы 305 азаматқа әкімшілік айыппұл салынған. ҚР ІІМ өкілдерінің мәлімдеуінше, барлық іс-шара заңға сәйкес жүргізілді, тәртіп сақшылары азаматтармен ара-қатынаста өздерін барынша әдепті ұстады.

Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:

- Сонымен бірге акцияның жолын кесу кезінде 300-ден астам полиция қызметкері түрлі жарақат алды, бесеуіне медициналық көмек көрсетілді. Бұрышты баллон кесірінен бір қызметкердің екі көзін күйік шалды. Бір қызметкердің басына тас тиді. Сонымен қатар Алматы қаласында заңсыз акцияға көліктермен қатысқандарды жол қозғалысын реттемек болған полиция қызметкерін қағып кетті. Дәрігерлер оның аяғы сынғандығын анықтады.