Хабар телеарнасы

Қостанайда көліктерге техникалық қызмет көрсететін станция жарылды

Төтенше жағдай салдарынан 7 адам зардап шекті. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ.

Жарылыстың жойқын болғаны соншалық, 2 қабатты ғимарат жермен жексен болды. Куәгерлердің айтуынша, қатты дыбыс естіліп, артынша өрт шыққан. Қабырғалар опырылып түсе бастайды. Бұл кезде ғимарат ішінде жұмысшылар болған.

Тельман Бобров, зардап шегуші:

- Не болғанын өзім түсінбей қалдым. Кенеттен 2-ші қабаттан төменге құлай бастадық. Үйіндінің астында тірідей көміліп қала жаздадым.

Жалпы 7 адам зардап шекті. Түрлі жарақаттармен алтауы қалалық ауруханаға жеткізілді. «Олардың өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ», – дейді дәрігерлер.

Ирина Штейгервальд, қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

- Бізге хабар келіп түскен соң 7 минут аралығында жеттік. Жапа шеккен үшеуіне медициналық көмек көрсетілді. Олардың денелерін түрлі дәрежеде күйік шалып, бас-сүйектен зақым алған.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Жарылыс болған сәтте ғимарат ішінде екі көлік болған. Оның бірі сыртқа шығарылды. Міне, жағдайын бағамдай беріңіз. Ал екіншісі дәл қазір ауыр техниканың күшімен үйіндінің астынан алынып шығарылады.

Станция көліктерге табиғи газ қондырғыларын орнатумен айналысқан. Жарылысқа қызмет көрсетудегі ақау себеп болса керек.

Руслан Орынбеков, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Автокөліктерге газ орнату бекеті есептеледі. Көлігінде газ ақауы бар кісі осы жерге келген болатын. Алдын ала болжам бойынша сол ақаудың кесірінен осы жерде жарылыс болған.

Оқиға орнына 30-ға жуық техника және 98 құтқарушы жұмылдырылды. Олардың күшімен ғимараттан бүтін қалған 9 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров