Хабар телеарнасы

Президент Жарлығымен Ақтоты Райымқұлова ҚР Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды

Ақтоты Райымқұлова – Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның түлегі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, бірқатар симфониялық поэманың және музыкалық шығармалардың авторы. 2016 жылдан бері ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарды.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жаңа Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы ұжымға таныстырды. Үкімет басшысы Ақтоты Райымқұлованың аталған саладағы жоғары біліктілігін атап өтіп, ведомство алдына қойылған мақсаттарға қол жеткізуде табыс тіледі. Ақтоты Райымқұлова ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құрылымында 6 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді, 2016 жылғы қазаннан бастап вице-министр қызметін атқарған. Үкімет басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлына мәдениет, спорт, туризм салаларының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. «Арыстанбек Мұхамедиұлы – тәжірибесі мол басшы. Министр қызметінде 5 жыл ішінде қарқынды жұмыс істеп, осы саланың өзекті мәселелерін шешуге қатысты нәтижелі жұмыстарды атқарды», – деді Асқар Мамин. Өз кезегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа туризм, мәдениет және спорт салаларын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудағы өзіне артылған сенім мен көрсеткен қолдауларына алғысын жеткізді.