Хабар телеарнасы

Қазақстанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылады

Олардың айтуынша, қоғам белсенділерінен құрылған кеңес билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналып, ел ішінде қордаланған мәселелерді шешуге сеп болмақ. Кеңестің алғашқы отырысы тамыз айына жоспарланған. Оған кез келген азамат қатысып, еліміздегі түйткілдердің түйінін тарқатуға қатысты өз ұсынысын жасай алады.

Әсел Әбен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ өкілдігінің жетекшісі:

- Менің ойымша Президенттің бұл бастамасы құптарлық іс. Өйткені халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын кез келді. Еліміздің одан әрі өркендеуі үшін батыл қадамдар жасауға тиіспіз. Кез келген мәселені халықпен ақылдаса отыра шешкен жөн. Сонда ғана билік пен азаматтық қоғамның ұстанымы бір арнада тоғысатын болады.

Олжас Беркінбаев, саясаттанушы:

- Қоғам мен биліктің өзара пікір алмасуы, сөйлесуі мақсатында Ұлттық қоғамдық кеңес құрылайын деп отыр. Бұл еліміздегі жаңа алаң болмақ. Оған азаматтық қоғам өкілдері, жас көшбасшылар кіріп, өздерінің пікірлерін ортаға салады. Бұл жақсы мүмкіндік деп ойлаймыз. Оған әрбіріміз атсалысуымыз керек.

Дәулет Кәрібек, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:

- Ұлттық қоғамдық кеңестің бірінші отырысы тамыз айына жоспарланған. Ол жерге бүкіл азаматтық үкіметтік емес ұйымдардың, сонымен қатар қоғам белсенділерінің, қоғам қайраткерлерінің, жалпы өзінің өміріне бейжай қарамайтын барлық азаматтардың атсалысуына, өз жобаларын іске асыруына жол ашық.