Хабар телеарнасы

Мюнхенде қазақтардың кіші құрылтайы өтті

ҚР «Отандастар» қоры және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырған құрылтайдың бағдарламасы да ауқымды болды. Оның аясында бизнес-форум, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, концерт қойылды.

Еуропадағы ең көп қазақ диаспорасы Германияда орналасқан. Мұнда 3 мың қандасымыз тұрады. Осы себепті де Мюнхен қаласы кіші құрылтайды өткізу орны ретінде таңдалып алынды. Ал ауқымды шарада диаспора жетекшілері өзекті мәселелерді, бірлескен жобаларды қарастырып, ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады. Құрылтайдың басты тақырыбының бірі – қазақ картасы.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:

- Қазақ картасы куәлік ретінде болады. Қазіргі кезде сырттағы қандастарымызды қолдау және Отанымызға оралған бауырларымызды бейімдеу бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірленіп жатыр. Ол бойынша сыртта тұрып жатқан бауырларымызға сайлану және сайлау құқығынан басқа барлық құқық берілген.

Құрылтайда қандастармыз қазақ тілінің болашағы үшін алаңдайтынын жасырмады. Себебі аға буын оны жақсы білгенімен, жас ұрпақ қазақ тілінде сөйлемейді. Сондықтан диаспора жетекшілері «Отандастар» қорымен бірлесіп, қазақ тілін үйрену бағдарламаларын жүзеге асыруға келісті.

Абдуссалам Савас, Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының төрағасы:

- Біз алғаш Түркияда туған балалармыз. Біздің ата-бабамыздың барлығы кетіп қалды, қайтыс болды. Енді біз де бабаларымыз, немерелерімізді ойлаймыз. Олар не болады? Елбасымыз осы шетелдегілерді ойлап «Отандастар» қорын құрып, жүргізіп жатыр. Біз қуаныштымыз.

Мұрат Ерміш, Еуропа мен Швеция қазақтары қауымдастығының төрағасы:

- Біз Қазақстанға баратын болдық. Тілімізді дұрыстап біліп, үйренгеннен кейін, балаларымызды оқыта аламыз. Одан кейін Шәкәрім Құдайбердиев университеті бізге мұғалімдер жіберетін болды. «Отандастар» қорымен байланыс орнатылып, көңілім толып, өте қуанышты болып жатырмын.

Сондай-ақ кіші құрылтай аясында «Отандастар» қоры мен Аустрия, Германия, Швеция, Франция, Ұлыбритания, Люксембургтегі қазақ мәдени орталықтары арасында 8 меморандумға қол қойылды. Бұл «Қазақ үйі» бренді негізінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтарды топтастырады деп күтіліп отыр.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский