Хабар телеарнасы

ШҚО-да ежелгі сақтардың қонысы табылды

Айтуынша, тіпті қазба жүргізілген жердің асты қуыс екені сезілген. Осылайша алғашқы қазба кезінде-ақ археологтар құнды жәдігерлерге қол жеткізді. Онда керамикалық ыдыстардың сынығы, тас үккіштер, егеу мен қайрақтар, егін егуге қажет құралдар, үй жануарларының сүйектері шықты. Үй-жай орны мен қару-жарақ бөлшектері де табылыпты. «Мұның барлығы сол кездегі тұрғындардың отырықшылдығын білдіреді», – дейді зерттеушілер. Қоныс орналасқан аумақ үлкен болғандықтан, зерттеу жұмыстары бірнеше жылға созылуы ықтимал. Табылған дүниелер зертханаларға жеткізіледі. Ал қоныс анықталған жер әзірге мұқият жабылып, зерттеу уақытша тоқтатылды.

Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, археолог:

- Мұны сенсация деуге болады. Неге десеңіз, бұрын-соңды ШҚО аймағында осындай қоныс табылмаған. Бұл қола дәуірінің соңы мен ерте темір дәуірінің басына жатады. Сондай-ақ табылған дүниелер бізге жауаптан гөрі көп сұрақ тудырып отыр. Біз тек алғашқы қабатты аштық, арғы жағында қандай деректер жатқаны белгісіз. Сондықтан осы аумақтағы археологиялық жұмыстар кемінде 10 жылға созылуы мүмкін.