Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың сенімі үшін алғыс айтты

Мемлекет басшысы журналистермен өткен баспасөз жиынында осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев билікке жас мамандардың жұмылдырылатынын жеткізді. Ол үшін арнайы кадрлық тізім әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Президент ең алдымен өзіне дауыс берген азаматтарға алғысын білдірді әрі халықтың зор сенімін арқалап отырғанын тілге тиек етті. «Қоғамда әртүрлі пікірлер болуы мүмкін, бірақ біз біртұтас ұлтпыз», – деді Президент. Ал елдегі проблемаларға келсек, медицинаның сапасы, жалақының төмендігі, экология, ауызсумен қамтамасыз ету және тағы басқалары басты назарға алынуы тиіс екенін айтты.

Алғашқы сауал кеше ғана өткен сайлау туралы болды. Науқан өтті, таңдау жасалды. Ел тарихында алғаш рет жеті кандидат қатысқан саяси додада Қасым-Жомарт Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жетті. Мемлекет басшысы қазақстандықтарға сенімі үшін ризашылығын білдірді, өзіне бәсеке болған өзге кандидаттарға да алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл сайлаудың ерекшелігі – көп кандидаттың тіркелуі. Ұсыныстары, пікірлері болды. Міндетті түрде жұмыс барысында пайдаланамын. Өзге кандидаттарға осы мүмкіндікті пайдаланып, алғысымды білдіргім келеді.

Әдетте мұндай үлкен шаралардың ың-шыңсыз өтпейтіні бар. Сайлау күні елорда мен Алматыда өткен шерулер жайында журналистер қауымы қозғамай қалмады. Президенттің ойынша, мұндай шаралар ел заңына қайшы келеді. Екіншіден, мұндай әрекеттер ел ішіне іріткі салады. Үшіншіден, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген сәтте диалог формасын ұсынуға әзір екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға дейін елдің барлық өңірін жұмыс сапарымен аралап шықты. Яғни жергілікті жұртшылықты алаңдататын мәселелермен жақсы қанық. «Халық құр сөзден шаршады», – деген Президент енді нақты іске көшетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Расында сайлау науқаны кезінде аймақтарды аралап шықтым. Әрбір аймақ еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатыр. Түйіні шешілмеген мәселелер бар, оны мен білемін, сіздер де білесіздер. Медицина, білім, экология, ауызсумен қамту. Бұл өзекті мәселелерді басты назарға қоямыз. Тапсырма беремін. Жалпы айтқанда ұзақ сөз айтып қажеті жоқ, нақты шешімдерді қабылдау керек. Халық бізден шешімдерді күтіп отыр. Халық ұзақ сөздерден әбден шаршады. Мен осы жұмыспен міндетті түрде айналысамын.

Үкімет отставкаға кете ме? Журналистер қойған тағы бір сұрақ осы. Президент Үкіметтің ауысуы шарт емес, бірақ құрамы өзгереді деді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Билікке жаңа ойлайтын жастарды тарту қажет», – деді.

Сыртқы саясат, Қазақстан мен Ресей қатынасы. Шетелден келген журналистер Қазақстан басшысының өз елдерімен серіктестік орнату мәселесін де сұрап білді. Қазақстан бұл ретте көпвекторлы саясатты ұстанады. «Сондықтан сырт мемлекеттермен, әсіресе көршілермен ынтымақтастықты жандандыра түсеміз», – деді Президент. Журналистер Президенттен сыбайлас жемқорлықпен қалай күресетінін де сұрап білді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл – өте күрделі жұмыс, дерт. Сондықтан қоғам болып күресуіміз керек. Әйтпесе тым кеш болады. Бұл – өзекті мәселе. Ең дамыған мемлекеттерде де бар.

Қасым-Жомарт Тоқаевтан тілшілер қауымы сайлауалды бағдарламасында айтылған қай мәселені шешуге екпін түсірерін сұрап білді. «Мен саясатқа көшеден келген азамат емеспін», – деді Президент және өзінің уәдеде тұратынын тағы бір мәрте атап өтті.

Бас-аяғы бір сағаттан астам уақытқа созылған баспасөз мәслихатында Президентке 20 шақты сұрақ қойылды. Олардың арасында экономика, саясат пен әлеуметке қатысты сұрақтар да болды. Президентке жеке сұрақтар да қойылды. Соның бірі президенттің жазушылық қырына байланысты болды.

Президент журналистерге алдағы жұмыс жоспарын да жариялады. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының отырысына қатысу үшін Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасына, кейін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысу үшін Душанбеге баратынын айтты. Ал Президентті ұлықтау рәсімі 12 маусымға жоспарланып отырғанын да жасырған жоқ.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев