Хабар телеарнасы

Түркістан өңірінің жұрты бұл жолғы сайлауға да белсене қатысты

Осы жолғы саяси науқанға аймақ сайлаушылары қаншалықты қатысып жатыр екен?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Азаматтық ұстанымы берік, саяси өмірге білек сыбана араласатын Түркістан жұрты бұл жолғы сайлауға да белсене қатысты. Әсіресе жастардың таңмен таласа тұрған өңір тұрғындарының көбі сәске түспей жатып-ақ өз таңдауларын жасап үлгерді.

Ал Түркістан қаласы бойынша 49 аумақтық сайлау бөлімшесі жұмыс істеді. Киелі шаһардан бүгінгі саяси науқанға 107 мыңнан астам сайлаушы қатысып, өз таңдауын жасады.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет үйінде орналасқан №133 сайлау учаскесінде дауыс беруге құқы бар 2376 сайлаушы тіркелген. Оның 2 мыңнан астамы – студенттер.

Бекахмет Әбусейітов, №133 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:

- Кешке дейін сайлаудың әділ әрі ашық өтуін сайлау комиссиясының мүшелері мен шетелдік байқаушылар қадағалап отырды. Міне көптен күткен сайлау науқаны да аяқталуға жақын. Қазір жарты сағаттан кейін барлық учаске жабылып, бюллетеньдерді санау басталады. Ал кімнің бағы жанып, ел тізгінін ұстайтынын Орталық сайлау комиссиясы бүгін кешке жариялайтын болады.

Бүгін облыста 889 сайлау бөлімшесі жұмыс істеді. Онда өз таңдауын жасауға құқығы бар 1 млн 181 946 адам тіркелген. Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, қазірге дейін сайлаушылардың 85% дауыс беріп, өз таңдауын жасаған. Әлі де дауыс беру жалғасып жатқанын айтқымыз келеді. Өңірдегі саяси науқанның еліміздегі заң аясында өтуін шетелден келген 43 байқаушы қадағалады. Олар барлық жерде сайлаудың жоғары деңгейде, ашық, әрі әділ өтуін қамтамасыз етті.

Айта кетейік, олардың 2-еуі ұзақ, ал 43-і қысқа мерзімге тіркелген. Олар таңертеңнен бері облыс орталығы мен аудан-қалалардағы және ауылды жердегі учаскелерді аралап, сайлау барысын бақылап жүрді.