Хабар телеарнасы

ШҚО-да 1040 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

Осы саяси науқан барысы жіті назарда.

Эльмира Ахметова тілші:

- Өскемендіктердің дауыс беру қарқыны жаман емес. Таңнан бері осы жердеміз, оған куә болып тұрмыз. ШҚО-да 1040 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. 1 миллионға жуық сайлаушы тіркелген.

Ал облыс орталығы Өскеменде 120 учаске жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар шаһарда 244 667 сайлаушы тіркелген екен. Олардың арасында мамандардың мәліметінше, 8 мыңнан астам адам үйден дауыс береді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық жағдай қарастырылған. Әріптерді үлкейткіш құралдар, арбамен қозғалатындарға ыңғайлы кеңейтілген кабинкалар сияқты ерекшеліктерді атауға болады.

Эльдар Төлеубеков, ШҚО сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

-ШҚО-да 965 105 азамат дауыс береді. Әзірге оның 15,5% дауыс берді. Негізі Абай, Бесқарағай, Қатонқарағай, Глубокий аудандары белсенділік танытып жатыр. Биылғы сайлауда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көбісі дауыс беруде.

Айта кету керек, сайлау барысын алыс-жақын шет елдерден келген байқаушылар назарда ұстап отыр. Соның ішінде ШЫҰ, ЕҚЫҰ және ТМД миссиясы өкілдері бар. Әсіресе Ресейдің Алтай өлкесінен келгендер көп екені байқалады.

Жергілікті байқаушылар да белсенді. Мәселен, «Аманат» азаматтық платформасының өкілдері де дауыс беру барысын байқауға қатысып жатыр.