Хабар телеарнасы

Қызылорда облысы бойынша 366 сайлау учаскесі жұмысын бастады

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Сырбойылықтар да еліміздегі ең басты саяси маңызы зор науқанға белсене араласуда. Біз қазір №353 сайлау учаскесінде тұрмыз. Мұнда нағыз мерекенің ауаны байқалады. Қазақтың киіз үйі тігіліпті. Көңілді әуен аясында ыстық бауырсақтан дәм татуға болады. Ең бастысы дауыс берушілердің қарасы қалың.

Жалпы Қызылорда облысы бойынша барлығы 366 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Оның 113-і облыс орталығында орналасқан. Сондай-ақ қала аумағындағы әскери бөлім, аурухана секілді мекемелерде 25 жабық сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Облыстағы сайлау барысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен ТМД байқаушылары да назарда ұстайды.

Динара Баймурзаева, учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

-Біздің сайлау учаскемізде 1267 адам тіркелген. Қазіргі уақытқа дейін барлық сайлаушының 14% дауыс берді. Сайлау учаскесі ережеге сәйкес таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады. Осы уақытқа дейін 6 сайлаушы үйден дауыс беруге өтініш білдірген болатын. Сағат 12:00-ден кейін бақылаушы мен сайлау комиссиясының мүшесі үйден дауыс беру жұмысын бастайтын болады.

Айта кетейік, 490 898 сырбойылық сайлауға қатысуға құқылы.