Хабар телеарнасы

Дауыс беріп жатқан азаматтар әлеуметтік желіде де белсенді

Әлеуметтік желіге кіріп «#сайлау2019» хэштегін теріп қалсаңыз, талай фотосуретті көресіз. 18 жасар жастар да, 60 жасты алқымдаған қарттар да белсенді. Жастар жағы: «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық». Мен таңдауымды жасадым. Ал сіз ше?» – деп жазып жатса, үлкендер жағы: «Ел болып таңдау жасайтын кезде үйде жата алмадым, өз дауысымды бердім», – деп жатыр. Бірінші рет дауыс беріп жатқан жастардың кейбірі: «Ерекше толқыдым, әрқайсымыздың таңдауымыз ел болашағы үшін маңызды», – деп жазуда.

Сайлау учаскесіне кішкентай балаларымен келіп, дауыс беріп жатқан азаматтар да көп. Өзгелермен бірге таң атысымен дауыс беруге асыққан ата-әжелеріміздің фотоларын да байқадық. «Апаларымыз таңертең ерте келіп, дауыс беріп жатқанда бізге не тұрыс», «Көпке үлгі болар әжелеріміз аман болсын!» – деп те жазып жатыр. «Әрине, сайлау учаскесіне суретке түсу үшін емес, ел үшін таңдау жасау үшін келдім. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих, сондықтан осы фото естелік болып қалсын», – деп жазып жатқандар да бар.

Елімізде танымал спорт және өнер майталмандары, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік қызметкерлер де дауыс беріп жатыр. Instagram желісінде «#сайлау2019» хэштегімен сағат 11:00-ге дейін 48 613 фото жүктелсе, Facebook желісінде 40 927 фото жүктеліпті. Бұл көрсеткіш минут сайын көбейіп жатыр.

Әлеуметтік желіде белсенділік танытып жатқандардан бір ерекше мерекелік көңіл-күй сезіліп тұрғанын байқауға болады. Расында, бұл күн – көптен күткен, еліміздің болашағы үшін маңызды, тарихи күн.